Алматы облысында «Өмір құтқару шеңбері» эстафетасы аясында іс-шаралар өткізілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында «Өмір құтқару шеңбері» эстафетасы шеңберінде іс-шаралар өткізілді. Бұл туралы Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
Өткен демалыс күндері Алматы облысы ТЖД қызметкерлері Қапшағай су қоймасында Түркістан облысы Арыс қаласынан келіп демалып жатқан «Күншуақ» балалар лагерінің тәрбиеленушілерінің қатысуымен Алматы қаласы әріптестерінен қабылданған «Өмір құтқару шеңбері» эстафетасы шеңберінде судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы флешмоб өткізді.
Акция барысында қалалық жағажайдың жағасында және шомылуға
арналмаған жерлерде тұрғындармен профилактикалық әңгіме өткізіліп,
жадынамалар таратылды. Адамдар көп жиналатын жерлерде құтқару және суға батушыларға алғашқы медициналық көмек көрсету элементтері көрсетілді.
«Осындай профилактикалық әңгіме ТЖД қызметкерлерімен күн сайын жүргізіледі, көпірлер, айлақтар және пирстер сияқты ресми және рұқсат етілмеген демалыс орындары бойынша рейдтер өткізіледі. Шомылу маусымы басталғалы бері осындай 343 рейд өткізіліп, 23 000-нан астам жадынама таратылды. Рұқсат етілмеген демалыс орындарында Алматы облысы ПД бірлескен іс-шаралар жүргізу барысында тыйым салынған жерлерде шомылу туралы 111 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады»,- делінген хабарламада.
Алматы облысының аумағында облыс әкімдігінің қаулысымен су айдындарында шомылуға рұқсат етілген 11 қоғамдық орын анықталды:
- Талдықорған қаласындағы Қаратал өзені бойындағы қалалық жағажай;
- Алакөл ауданындағы (Ақши ауылы) Алакөл көлінің жағасындағы жағажай;
- Сарқан ауданындағы (Лепсі ауылы) Балқаш көлінің жағасындағы жағажай;
- Текелі қаласындағы ашық хауыз;
- Қапшағай су қоймасының оңтүстік-батыс жағасындағы 7 жағажай.
Қалған шомылуға жабдықталмаған облыстың су айдындары қауіпті және ол жерлерде шомылуға тыйым салынады. Бұл жерлерде шомылуға тыйым салынған 346 бірлік арнайы белгі орнатылған.
Алматы облысы ТЖД құтқарушылары «Өмір құтқару шеңбері» эстафетасын Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментіне жолдады.