Алматы облысында мемлекетаралық іздеуде жүрген Тәжікстан азаматы ұсталды
Алматы облысында мемлекетаралық іздеуде жүрген Тәжікстан Республикасының азаматы құрықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, 2026 жылғы 30 қаңтарда "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында Алматы облысының аумағында іздеуде жүрген тұлғаларды анықтау және ұстау мақсатында локальды-рейдтік іс-шаралар өткізілген.
Жедел-іздестіру шаралары барысында республикалық маңызы бар Алматы – Бішкек автожолы бойында орналасқан қоғамдық тамақтану орындарының бірінде ер адам ұсталды. Анықталғандай, ұсталған азамат 1994 жылы туған, Тәжікстан Республикасының азаматы. Ол Тәжікстан Республикасының қылмыстық заңнамасына сәйкес ауыр қылмыстар жасағаны үшін мемлекетаралық іздеуде болған. Бұған дейін оған қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу санкцияланған, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта күдікті Қарасай аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қажетті процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.