Алматы облысында меценат өз қаржысына амбулатория салды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Тұңғыш Президент күні қарсаңында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Төле би ауылында су жаңа әлеуметтік ғимарат қолданысқа берілді.
Соның нәтижесінде 50 адам қабылдауға арналған ауылдық амбулатория, пошта мен учаскелік полиция пункті екі қабатты ғимаратқа орналасты, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Еңбекшіқазақ аудандық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, ғимараттың жалпы алаңы 325 шаршы метр. Жергілікті тұрғын, жомарт жүрек кәсіпкер Тавабир Чикаев ауылдастарының игілігіне беру үшін поштаның ескі ғимаратының орнына жеке қаражатына жаңа нысан тұрғызды. Сонымен бірге ол ғимарат ішінде қажетті жиһаз бен интерьерлер сатып әперді. Ал амбулаторияны арнайы медициналық құрал-жабдықтармен аудандық көп салалы аурухана қамтамасыз етеді.
Нысанның ашылу салтанатына қатысқан Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен өңір дамуындағы меценаттар қолдауының маңызы туралы атап өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасында Елбасы «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деген болатын. Бүгінгі шара осындай елжандылықтың, туған жерге деген жанашырлықтың көпке үлгі болған дәстүрлі жалғасы деп білеміз. Бәріңізді келе жатқан мерекелеріңізбен және жаңа нысанның ашылуымен құттықтаймын, - деген Ә.Жақанбаев меценатқа ризашылығын білдірді.
Салтанатты шарада ғимараттың лентасы қиылып, нысан Көктөбе ауылдық округі тұрғындарының игілігіне берілді.
Жалпы Алматы облысында Тұңғыш Президент күніне орай өңірдің әр түкпірінде көптеген әлеуметтік маңызды нысандар ашу белгіленген. Солардың қатарында сервистік әкімдік, ауылдық мәдениет үйі, өнер мектебі, жекеменшік балабақша, жаңа сквер және басқалары бар.