Алматы облысында колонияға тыйым салынған заттарды енгізу әрекеті әшкереленді
Алматы және Жетісу облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №57 мекемесінде тыйым салынған заттарды түзету мекемесіне енгізу әрекетінің жолы кесілді. Бұл туралы ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға мекеменің бақылау-өткізу пунктінде тіркелген. Тексеру барысында колония аумағына кірмек болған жүк көлігінен қара пакет табылған. Пакетті ашу кезінде қызметкерлер бірқатар күмәнді заттарды анықтады: 16 дана ойын картасы, 200 дана «кәдесый өнімі» белгісі бар долларлық купюралар, сыйымдылығы 25 мл иіссіз ақ ұнтақ, беруге тыйым салынған өзге де заттар.
Қазіргі уақытта табылған заттарға қатысты сот-химиялық сараптама тағайындалған.
Алдын ала анықталған деректер бойынша, жүк көлігінің жүргізушісі бұл пакетті Алматы облысының тұрғынынан алғанын мәлімдеген. Аталған факті бойынша оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
ҚАЖ комитеті мекемелерге тыйым салынған заттарды жеткізуге тырысқан кез келген әрекеттің қатаң қадағаланатынын және заң алдында жауапкершілікке тартылатынын еске салады.