Алматы облысында қабырғасы жарылған мектепті қалпына келтіру жұмыстары басталды
Алматы, BAQ.KZ. Жазиралы Жаркентте 4 жыл бұрын ел игілігіне берілген білім ордасының қабырғаларында жарықтар пайда болған. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Нысанның жалпы сметалық құжатына 1 млрд 21 мың теңге бөлініп, «Алматыкульбытстрой» мердігер компаниясы жауапкершілікті өз мойындарына алған. Бұл компания мектептің құрылысына 3 жылдық кепіл берген.
Желіде лезде тараған қабырғалары жарылып кеткен білім ошағының суреті елді дүрліктіргені жасырын емес. Алайда, мектеп қабырғасындағы бұл сызаттар 2019 жылы пайда болған екен.
Осыдан екі жыл бұрын мектептің сыртқы қабырғаларында сызық пайда болған сәтте мектеп әкімшілігінің шағымы негізінде әкімдік, прокуратура және антикоррупция тексеріс жүргізді. Арнайы мамандардың тексеріс нәтижесінде мектептің кейбір бөлігінде сыртқы сылағы қалың жағылғаны анықталған. Ал мектептің негізгі қабырғасы қызыл кірпіштен салынған. Ол толықтай талапқа сай, қауіпсіз. Мердігер компания кепілдік негізінде мектептің сыртқы сылағын жүргізіп шығады, - делінген хабарламада.
Екі жыл бұрын қабырғасында сызат пайда бола бастаған білім ордасының бүгінгі келбеті өзгеріссіз, биыл да нысанның қабырғасында жарықтар пайда болған. Мердігер компанияның берген кепілдік мерзімі өз шегіне жеткендіктен, жергілікті әкімдік үнемделген қаржыдан 15 млн теңге бөліп, конкурс негізінде ұтып алған құрылыс компаниясы жөндеу жұмыстарын жүргізуде.