Алматы облысында кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған құқық бұзушылықтар 32,4%-ға өсті – ПД

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы үш айда 2 кәмелетке толмаған жасөспірімдер үйінен жүйелі түрде рұқсатсыз кеткені үшін сотталған девиантты мінез-құлықтағы балаларға арналған арнайы оқу орындарына жіберілді. Бұл туралы Алматы облысы ПД ЖПҚБ ЕТЖ аға инспекторы, полиция подполковнигі Медет Құнанбаев брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, облыстың ювеналды полиция бөлімшелері білім беру органдары өкілдерінің қатысуымен кәмелетке толмағандар және оларға қатысты қылмыстардың алдын алу жұмыстарын тұрақты түрде жалғастырып келеді.

Бірлескен рейдтер барысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алуға ықпал ететін 2,5 мыңнан астам құқық бұзушылықтар анықталып, жолы кесілген.

Олардың едәуір бөлігін, яғни 2074-ін ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігінде көзделген кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің алып жүруінсіз тұрғын үй-жайлардан тыс жерде болу фактілері құрайды. Құқық бұзушылықтың әрбір фактісі үшін ересектер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, 324 ата-ана мен заңды өкіл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. 35 азамат ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша, яғни кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін жазаланды,-деді ол.

Сондай-ақ, түрлі себептермен 176 жасөспірім және  108 отбасы профилактикалық есепке алынған. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 44 кәмелетке толмаған жеткіншек жеткізілген.

Айта кетерлік жайт, облыста атқарылып жатқан шараларға қарамастан, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың артуы байқалады. Кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған құқық бұзушылықтардың саны 32,4%-ға өсті, өткен жылы осындай уақытта 37 жағдай тіркелсе, биыл 49 фактіге жетіп отыр,-деді подполковник.

Сонымен қатар ол кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтар бойынша 69 факті тіркелгенін, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 15%-ға артық екенін айтты. Оның ішінде жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы фактілер, зорлау, сыбайлас жемқорлық, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері, 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу сияқты заң бұзушылықтар бар.

Талдау көрсеткендей, мұндай жағдайда көбінде қылмыскер ретінде жәбірленушінің туыстары мен таныстары, яғни жақын ортадағы адамдар шығады. Осы тақырыпта жалпы білім беру ұйымдарында полиция қызметкерлері денсаулық сақтау органдарының мамандарын тарта отырып, кәмелетке толмағандарды жыныстық тәрбие беру бойынша 346 дәріс ұйымдастырды. Сонымен қатар, өткізілген кездесулерде оқушылардың ата-аналарына балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері түсіндірілді,-дейді Медет Құнанбаев.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы