Алматы облысында интенсивті бақ өсіру қарқын алып келеді
Алматы, BAQ.KZ. Соңғы жылдары Алматы облысында бақ өсірудің интенсивті түрі қарқын ала бастады. Көптеген шаруашылықтар озық технологияларды игеріп, соның арқасында сапалы өнім алуда.
Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданында 25 шаруашылық интенсивті бақ өсірумен айналысады. Аудандағы мұндай бақтың аумағы 2 мың гектардан асты. Соның нәтижесінде алма жинау көлемі 50 мың тоннаға дейін ұлғайып, өнімділік 84ц/га жетті. Заманауи бақ өсірушілердің бірі – 500 га жерде бағын баптап отырған «Alma Mater Fields» ЖШС-і.
Еңбекшіқазақ аудандық әкімдігінің айтуынша, қысқа мерзім ішінде «Alma Mater Fields» ЖШС өз тәжірибесінде қарқынды бақ өсірудің тиімділігін көрсетті. Серіктестік бақтары Ащысай, Таусүгір, Қызылшарық ауылдарында орналасқан.
Мәселен, Қызылшарық ауылында орналасқан бақта алма 2017 жылы отырғызыла бастады. «Гала», «Голден Делишес», «Гренни Смит», «Фуджи» және басқа да жоғарғы сорты көшеттер тез жерсінді. 126 гектар алқаптағы жас алма бағы арнайы тормен қапталған. Бұл тор ағаштардың жемістерін құстардан, бұршақтан қорғап тұрады, сол сияқты ыстықтан да қорғайтын мүмкіндігі бар. Бақтағы алмалардың отырғызылғанына 3-4 жыл болған. Өткен жылы бақ өсірушілер әр гектарынан 40 тоннаға жуық тонна алма алды.
Бір гектарда 4200 алма көшеті өсіп тұр. Олардың биіктігі 3,5 метрге жетеді. Жеміс ағаштарының аралығы 80 см. Бұл - интенсивті бақтың сипаттарының бірі. Ағаштар арасындағы аралық олардың нығайып, өсуіне мүмкіндік береді. Бұл бір жағынан жер учаскесін үнемді пайдалануға, екінші жағынан мол өнім алуға жағдай жасайды, - дейді шаруашылық басқарушысы Рашид Атамбай.
Оның айтуынша, бақта тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Әр ағашқа күніне 12 литр су жұмсалады. Барлығы автоматты құрылғылармен жүйеленеді, оны бір ғана адам басқарады. Тағы үш адам суару құбырларының қоқысқа, топыраққа толып қалмауын қадалап отырады.
Алма ағаштарға минералды тыңайтқыштар қолданылады, бұл өз кезегінде оларды зиянкестерден қорғауға ықпал етеді. Бұл жұмысқа Польшадан арнайы оқып келген агроном Жұмаш Еркетаң жауап береді. Бақ өсірудің озық технологиясының ерекшелігін меңгерген маман шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып, біліктілігін шыңдап отырады, сөйтіп отандық бақ шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосып келеді.
Күзгі жиын-терін жұмыстарына жергілікті тұрғындардан 300-дей адам тартылады.
Бақ өсіру жұмыспен қамтуға жағдай жасап отыр. Бұл жерде қазан айының ортасына дейін істейміз. Мұнда әр адам күніне 800 кг алма жинауы керек. Айлық жалақымыз жақсы, - дейді Қызылшарық аулының тұрғыны Жазира Қайнарбаева.Өнім жинаумен мұнда жұмыс аяқталмайды, сондықтан шаруашылықта жыл бойы шамамен 80-дей адам жұмыс істейді.
Тор жинаудың өзі біраз уақытты алады. Жеміс ағаштарының артық бұтақтарын қию да – маңызды іс. Мұндай жұмыстар көктемге дейін жалғасады. Сонымен бірге бақ аумағында екі жеміс-жидек қоймасы бар. Ондағы 18 камерада алманы қысқы және жазғы кезеңдерде сақтауға барлық мүмкіндік жасалған, - дейді Рашид Атамбаев.Атап өтсек, Еңбекшіқазақ ауданында жеміс-жидек алқабы - 7321 га, шемішкелі-сүйекті дақылдар – 6828 га, соның ішінде алма бақтары – 6161 га, оның 2170 гектары – интенсивті бақ. 2020 жылы аудандағы алманың жалпы жиыны 49,5 мың тонна болды, ондағы интенсивті бақтан жиналғаны – 10 мың тонна, орташа шығымдылығы – 74 ц/га, интенсивті бақтардың орташа өнімділігі – 84ц/га. Алманың «Гала», «Фуджи», «Ред Делишес», «Голден Делишес», «Джонатон», «Гренни Смит», «Айдаред», «Джонаголд», «Джонапринц» және т.б. сорттары өсіріледі. Ауданда 35 мың тонна сыйымдылықты жеміс-жидек және көкөніс қоймасы бар.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысында бақтар көлемі 23,7 мың гектарға жеткен, соның ішінде 2,8 мың га – интенсивті бақ. Өткен жылы өңірде ескі бақтарды жаңарту есебінен 494,1 га жаңа бақ отырғызылды, соның ішінде 257,6 га – шемішкелі, оның 211 гектары – интесивті бақ, сол сияқты 194 га дәнді жеміс, 1,5 га - жидек, 41 га – жүзім.