Алматы облысында инновациялық балық өнеркәсібі кешенінің іргетасын қалау рәсімі өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 24 шілдеде Қапшағай қаласында қуаты жылына 10 000 тонна баррамунди балық өсіретін инновациялық балық өнеркәсібі кешенінің іргетасын қалау рәсімі өтті.
Салтанатты рәсімге «Оспанова Девелопмент» ЖШС құрылтайшысы А.Я. Белович, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.М. Мырзағалиев, Алматы облысының әкімі А.Ғ. Баталов қатысты.
Жобаның бастамашысы «Оспанова Девелопмент» ЖШС. Жобаға шамамен 67 млрд.теңге инвестиция салу жоспарлануда және 300 жұмыс орны құрылмақ.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында балық шаруашылығын дамыту қажеттігіне назар аударды. Осыған байланысты, Үкімет балық шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасын бекітті, онда 2030 жылға қарай жылына 270 мың тонна балық өсіру көзделген. Балық саласын субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары кеңейтілді, сондай-ақ балық өсірудегі ілеспе бағыттарды дамыту үшін жағдайлар жасалды. Балық өсіру көлемін ұлғайту балық өсіру үшін жарамды суайдындарын пайдалану, сондай - ақ жаңа индустриялық балық өсіру шаруашылықтарын салу есебінен жоспарланып отыр, - деді министр өз сөзінде.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі атап өткендей, индустриялық балық өсіру шаруашылықтары Бағдарламада белгіленген балық өсіру көлеміне қол жеткізуге мүмкіндік береді, өйткені олардың жобалық қуаты айтарлықтай үлкен.
Сонымен қатар, табиғи-климаттық жағдайларға қарамастан кез-келген аймақта өндіріс орнатуға болады. Оның үстіне, мұндай индустриялық шаруашылықтар су үнемдеу технологияларын пайдаланады. Осы жобаны іске асыру балықтардың экзотикалық түрлерінің импортын алмастыруға және сонымен бір мезгілде экспорт көлемін ұлғайтуға ықпал ететін болады.
Тұтастай алғанда, жоба балық шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасының міндеттерін шешуге ықпал етпек.