Алматы облысында газ жарылды: Зардап шеккендердің үшеуі – бала
Зардап шеккендерге 2 миллион теңгеге дейін көмек беріледі
Алматы облысы, Іле ауданындағы Екпінді ауылында тұрғын үйде газ-ауа қоспасы жарылды. Салдарынан 5 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға 2026 жылғы 17 сәуірде Ескелді би көшесінде орналасқан үйлердің бірінде болған. Аудандық төтенше жағдайлар бөліміне хабарлама түсісімен оқиға орнына шұғыл қызмет өкілдері жетті.
Тексеру жұмыстары барысында жарылыс салдарынан үйдің қабырғалары мен конструкциялары ішінара қирағаны анықталды. Оқиға орнында түтін болғанымен, ашық өрт тіркелген жоқ, – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен 5 адамның үшеуі – кәмелетке толмаған балалар. Қазіргі уақытта барлық зардап шегушілерге тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Жергілікті атқарушы органдар зардап шеккен отбасыға қолдау көрсетуді бастап кетті. Аудандық әлеуметтік қорғау бөлімі арқылы отбасына 2 миллион теңгеге дейін материалдық көмек берілетін болды.
Бұдан бөлек, отбасының ауласында тұруға жарамды уақытша баспанасы бар екені белгілі болды. Үй иесінің айтуынша, қазіргі сәтте қосымша баспана қажет емес.
Қазіргі таңда аталған факт бойынша қажетті процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп, материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылды. Мамандар жарылыстың нақты себебін анықтап жатыр.
Еске салайық, биыл 26 ақпанда Ақмола облысының Щучинск қаласында болған төтенше жағдай салдарынан жеті адам қаза тапты.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бес адам оқиға орнында көз жұмған, тағы екеуі 2026 жылғы 26 ақпанда жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Қаза тапқандардың арасында 16 жастағы қыз бар.