Жоба өңдеу өнеркәсібін дамытып, ішкі нарықтағы отандық өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған. Сонымен қатар кәсіпорын жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Зауыттың салтанатты ашылу рәсіміне облыс, аудан басшылығы, сала мамандары, кәсіпорын қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты. Алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеген Алматы облысының әкімі жаңа ет комбинаты шалғай ауданның тыныс-тіршілігіне жан бітіретін маңызды жоба екенін атап өтті.
«Заманауи кешеннің басты артықшылығы – тұрғылықты азаматтар малын шалғайға тасымай-ақ, өз елді мекенінің аумағында бордақылап, тиімді шарттармен өткізе алады. Сондықтан өз тарапымыздан осы бағытта жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, жаңа инвестициялық жобаларға қажетті жағдай жасауымыз қажет. Жаңа ет комбинаты Кеген ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосады деп сенеміз», – деді Шыңғыс Сайранұлы.
Зауытта күніне 120 бас ірі қара, 100 бас ұсақ мал және 20 бас жылқы еті бордақыланып, өңделеді. Дайын өнім ірі сауда желілері мен өндіріс цехтарына жөнелтіледі. Кәсіпорында мамандарды оқыту жұмысы да жолға қойылған.
«КегенМясПром» ЖШС директоры Светлана Козубакова ет өңдеу зауытын Кеген ауданында ашуы бекер емес екенін айтады.
Бұл жақтың табиғаты мал өсіруге өте қолайлы. Жайлаудың шүйгін шөбін жеп өскен малдың еті өте дәмді әрі экологиялық таза болады. Жаңа кәсіпорын толығымен заманауи жабдықтармен қамтылған. Мемлекет тарапынан да үлкен қолдау көрсетіліп, техника сатып алуға субсидия берілді. Алдағы уақытта өндіріс ошағының жанынан 5 000 басқа арналған мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отырмыз, – деді кәсіпорын басшысы.
Кешеннің ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, аудан басшылары, зиялы қауым өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Алматы – Кеген автожолы Шарын шатқалына, Көлсай және Қайыңды көлдеріне баратын негізгі бағыттардың бірі саналады. Сондықтан жаңа кешен жол бойындағы қызмет көрсету сапасын жақсартып, өңірге келетін туристер мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Жаңарған жол жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көлік қозғалысының қолайлылығын арттырады. Күн сайын бұл бағытта 1200-ден астам көлік қатынайды. Жоба құны – 8,1 млрд теңге. Құрылыс жұмысына 350 мың тонна құм-қиыршықтас және 165 мың тонна асфальтбетон қоспасы пайдаланылды. Сонымен қатар жол бойындағы 14 аялдама жөнделіп, 78 жол қиылысы мен кірме жол ретке келтірілді. Су өткізу жүйесін жақсарту мақсатында алты құбыр орнатылды.
Жолдың салтанатты ашылу рәсіміне игі жобаны іске асырған жұмысшылар, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері, облыс, аудан басшылығы мен жергілікті тұрғындар қатысты. Алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеген Алматы облысының әкімі сапалы жол экономиканы өркендетіп, халықтың тұрмыс деңгейіне әсер ететін басты негіз екенін атап өтті.
Аталған бағыт шалғайда жатқан қос ауданның елді мекендерін жалғап қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін үздіксіз тасымалдауға, туризмнің дамуына және аймақтағы экономикалық байланысты нығайтуға тікелей ықпал етеді. Ең бастысы, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынауына жағдай жасалды. Ендігі кезекте жолдың күтімін сақтап, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Атқарылған жұмыстың игілігін ел-жұрт ұзақ жылдар бойы көруі қажет, – деді Шыңғыс Әрінов.
Соңғы екі жылда «ҚазАвтоЖол» Алматы облысындағы жол инфрақұрылымын дамытуға 32 млрд теңге қаржы бөлді. Соның арқасында 400 шақырым жол жаңартылды. Қазіргі таңда «Алматы – Қаскелең» автомобиль жолы 4-тен 8 жолаққа кеңейтіліп жатыр. Жыл соңына дейін «Алматы – Талғар» бағытында жөндеу жұмысын бастау жоспарланып отыр.
Өңірге келетін туристер санын арттыру, демалушыларға қолайлы жағдай жасау бағытында іске асырылған маңызды жобаның бірі – жаңа жанар-жағармай бекетінің ашылуы. Салтанатты рәсімде Алматы облысының әкімі құттықтау сөз сөйлеп, аудан халқына заманауи кешенді тарту еткен азаматтарға ризашылығын білдірді.
Бизнес өкілдерінің мұндай бастамалары сапалы сервистің дамуына, бәсекелестіктің өсуіне және жергілікті экономиканың жандануына жол ашатын маңызды қадам. Алдағы уақытта да кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру және заманауи инфрақұрылым нысандарының санын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады. Бүгінгі ашылып отырған «Compass Group» кешені Алматы – Кеген бағытымен қатынайтын жолаушылар үшін сенімді аялдамаға айналып, қызмет көрсету мәдениетін жаңа деңгейге шығарады деп сенеміз, – деді Шыңғыс Сайранұлы.
Кешеннің жалпы аумағы 2 гектарды құрайды. Мұнда жанармай құю станциясы, экспресс-маркет, дәмхана және демалыс аймағы бар. Жоба құны 3 млрд теңгеге жуықтайды. Қазір бекетте 80 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.