Алматы облысында ет комбинаты салынуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында жылына 500 мың бас ірі қара етін өңдейтін, шамамен 20 мың жұмыс орнын құратын, құны 300 млн АҚШ доллары болатын ет комбинаты салынуы мүмкін.

Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталовтың америкалық трансұлттық "Tyson Foods" компаниясы мен олардың Қазақстандағы серіктесі өндірістік-инвестициялық "Kusto Group" компаниясының өкілдерімен кездесуі барысында белгілі болды. Кездесуде аталған жобаны өңірде жүзеге асырудың жолдары мен мүмкіндіктері талқыланды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Әлеуетті инвесторларды жылы қарсы алған Амандық Баталов, оларға Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары, соның ішінде инвестициялық мүмкіндіктері, Трансұлттық компаниялармен бірге жүзеге асырылып жатқан жобалар жайлы әңгімелеп берді. Сол сияқты облыс әкімі инвесторларға барлық қажетті қолдаулар жасалатынын, өңірде инвестициялық климаттың қолайлы екенін де айтты. Сол сияқты "Алматы облысының өңірлік даму орталығы" ЖШС директоры Тамерлан Разбеков көрсеткен облыс жайлы бейнетаныстырылымнан да қонақтар біршама мәлімет алды.

Инвесторлар атынан сиыр етін өндіретін "Tyson Foods Inc" кәсіпорнының аға вице-президенті, бас директор Шэйн Миллер сөз алып, ең алдымен жылы қабылдау үшін және жобаны жүзеге асыруға қажетті мәліметтерді көп берген осы кездесу үшін алғысын білдірді.

Оның айтуынша, "Tyson Foods" компаниясының айналымы өткен жылы 42 млрд. АҚШ долларына жеткен. Компания 4 бағытқа маманданған, соның ең ірісі - сиыр етін өңдеу. Компанияда 140 мыңға жуық қызметкер істесе, оның 38 мыңы – ет бағытында жұмыс істейді.

АҚШ-та компанияның 6 ет комбинаты бар, оларда жылына 7,5 млн. бас ірі қара өңделеді. Өнімдері әлемнің 80 еліне шығарылады.

Компанияның Алматы облысында салуға ниеттеніп отырған зауыты күніне 2 мың бас ірі қара өңдейтін қуаттылықта болмақ. Толық қуатына шыққанда кәсіпорын жылына 500 мың бас ірі қара өңдей алады. Зауыт екі ауысыммен жұмыс істейді, 4 мыңға дейін жаңа жұмыс орнын құрады. Кәсіпорын жұмысымен жалғаса жүретін бизнесті қоса алғанда жалпы саны 20 мыңға дейін жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі бар. Жобаның жалпы құны 300 млн. АҚШ долларына бағаланып отыр.

Шэйн Миллер компанияның ірі шаруашылықтармен қатар, шағын шаруа қожалықтарымен де бірігіп жұмыс істеуге дайын екендігін айтты.

Жобаның мән-мазмұнына "Kusto Group" компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Татишев те тоқталып, өңірдің мал шаруашылығының әлеуеті осы маңызды инвестициялық жобаны сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Елбасы мен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды тапсырмаларының бірі - экспортқа бағытталған өңдеу кәсіпорнын ашу, жаңа жұмыс орындарын құрып, инвестиция тарту. Бұл бағытта біз жүйелі жұмыс жасап келеміз. Бұған дейін айтқанымдай, елімізде Трансұлттық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан 19 жобаның 9-ы - біздің облыста. Ет өңдеу саласын дамыту - басты бағыттарымыздың бірі. Сондықтан бүгінгі сөз болып отырған жобаның іс жүзінде орындалуы біз үшін аса маңызды. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті қолдауларды көрсетеміз. Бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында бізде оған барлық мүмкіндік бар. Кадр даярлау ісіне де көмектесеміз. Қажетті мамандықтарға кадрларды бюджет есебінен оқытуға жәрдем жасай аламыз. Менің әріптестерім сіздерге комбинатты салуға болатын орындарды көрсетеді. Әрине, Талдықорғанда сондай ірі өндіріс ашылса керемет болар еді. Жалпы біз сіздерге көптеген варианттарды ұсына аламыз, соның ішінде Алматы өңірінен де қарастыруға болады, - деген А.Баталов өз орынбасарларына жобаның егжей-тегжейін нақтылап, оны жүзеге асыру жұмыстарымен айналысуды тапсырды.

Америкалық компанияның өкілдері жергілікті кадрларды АҚШ-та жұмыс істеп тұрған өндірістерінің базасында оқытуға әзір екендіктерін айтты.

Кездесу соңында Амандық Баталов ет өңдеу кәсіпорны "Tyson Foods Inc" компаниясының аға вице-президенті, бас директор Шэйн Миллерге Жетісу туралы фотосуреттер кітабы мен картина сыйға тартты.

Кездесуге ҚР Ауыл шаруашылығының вице-министрі Гүлмира Исаева, өңірдегі 11 ірі шаруа қожалықтарының басшылары, соның ішінде "Жақсылық", "Хильниченко және К" ШҚ-лары, "Dinara - Rance", "Байсерке Агро", "MPS", "КазМясо" ЖШС және тағы басқалары қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы