Алматы облысында экологиялық туризмді дамыту мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс әкімі Амандық Баталов ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаевты, мәдениет және спорт министрінің орынбасары Өркен Бисақаевті және "Культау" ЖШС құрылтайшысы Александр Гужавинді қабылдады. Кездесуде өңірде орналасқан ұлттық табиғи саябақтардың базасында экотуризмді дамыту мәселелері сөз болды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Экотуризмді дамыту туралы мастер-жоспар жобасын әзірлеп, осы салаға инвестиция салуға ниеттеніп отырған – "Култау" ЖШС. Оның құрылтайшысы Александр Гужавиннің айтуынша, тиісті министрліктермен бірлесіп,  американың экотуризмді дамытудағы, соның ішінде Йеллоустон қорығының тәжірибесімен танысып, зерделеген. Нәтижесінде америкалық модельді негізге ала отырып, ұлттық саябақтардағы тұмса табиғатты тамашалауға туристерді көптеп тартуға, сөйтіп, экологиялық туризмді дамытуға, оған қоса тұрғындарды белсенді өмір салтына бейімдеуге ықпал ететін жақсы жоба жасалған. Жобаны жасаушылар ұлттық парктерге визит-орталықтар ашуды ұсынады.

Визит-орталықтар туралы мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев кеңінен түсіндіріп өтті. Мұндай орталықтар негізінен көлік қоятын орын, санитарлық-гигиеналық нысан, шағын музей, ақпараттық пункт, велосипедті жалға беру орны, естелік сыйлықтар сататын дүкен сияқты маңызды қызметтерді қамтиды. Мәселен, шағын музейде келушілер ұлттық парктегі флора мен фауна, оларды қорғау шаралары, парк орналасқан аймақ туралы тарихи мәліметтер және басқа да ақпараттармен таныса алады. Ал ақпараттық пункттен парк аумағы туралы толыққанды хабар алуға болады. Орталықтан мәліметтерге қаныққан келушілер ары қарай қандай бағытта жүріп, нені көргісі келеді, оны өздері шешеді.

Ал экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев бұл жоба жеңіл тузизм, яғни табиғаттың әсем кейпін сақтай отырып, оны ешқандай кедергісіз тамашалауға мүмкіндік беретінін айтты.Яғни, ұлттық саябақтардағы тау шатқалдарын, сарқырамаларды, табиғат әсемдігін көруге келетіндерге ешқандай тыйым салынбайды, тек табиғаттағы белсенді демалысын дұрыс ұйымдастыруларына көмек көрсетіледі. Соның ішінде автокараванинг, шатырлы қалашықтар мен этноауылдар құру да бар.

Ұсыныс-жобаларды тыңдаған облыс әкімі А. Баталов ең алдымен өңірде туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.Инфрақұрылымды дамыту шараларының арқасында Алакөл, Көлсай көлдеріне, Шарын шатқалына келушілер қатарының артқанын, алдағы 2020 жылы Қайыңды көлінің жолын жасауға қаржы бөлінетінін атап өтті. Сол сияқты облыстағы тау туризмін өркендетудегі қадамдар да елеулі.

Бізде туризмнің экологиялық, тау және аграрлық түрлерін дамыту бағытындағы жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Сіздердің осы мәселені одан әрі дамыту туралы жоба ұсынып келгендеріңізге рахмет айтамын және бұл ұсыныстарыңызды қолдаймын. Тек ең бірінші ескеретін нәрсе, ұлттық парктер - табиғатты көздің қарашығындай сақтап отырған орын. Сондықтан, оның табиғилығын барынша сақтап, тазалығын бұзбауды ең алдымен ойлауымыз керек. Сол сияқты, мәселен, "Алтынемел" ұлттық саябағына кірген адам ол жерге Пржевальский жылқысы қашан әкелінгені, сол аумақта осыдан жүздеген жылдар бұрын Орбұлақ шайқасы болғаны және басқа да ерекше қызықты мәліметтермен таныса алуы тиіс, яғни танымдық тұрғыда да бізге тиімді болуы тиіс. Оған қоса парктердің Алматы қаласы мен облыс аумағы шегінде орналасуына сәйкес жобадағы құзыретімізді анықтап алуымыз қажет. Нақты қандай жұмыс республикалық бюджеттен, қайсысы облыстық бюджет есебінен, қайсысы жеке инвестицияға салынады деген мәселелерді түгел анықтап, Жол картасын әзірлеп, Үкіметке презентациялау керек, мақұлданған жағдайда іске асыруға кірісуге болады, - деді А. Баталов.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы