Алматы облысында дүниеге келген үшем үйіне шығарылды

Алматы, BAQ.KZ.  Бүгін Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында 29 ақпан күні  дүниеге келген үшем үйіне шығарылды.

Галымжан, Рахымжан және Мейіржан есімді ұл балаларды аталған аурухананың жедел жәрдем көлігі үйлеріне жеткізіп салды. 
 
Үш ұлдың анасы 31 жастағы Лаззат Қаланова Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылының тұрғыны. Ол 11 ақпаннан бастап Алматы көпсалалы клиникалық аурухана дәрігерлерінің бақылауына алынған.  Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының директоры Жұмахан Молдакулов ана мен балалардың денсаулықтары жақсы екенін айтады.  
Бұл ананы біздің ауруханаға 11 ақпан күні жоспарлы түрде жатқызған болатынбыз. Жүктіліктің 31 аптасында кесір тілігін жасау арқылы үш ұл, яғни 29 ақпан күні  (1931,0 гр. Бойы 41см, 2030,0 гр, бойы 44см, 1915,0 гр, бойы 45см) дүниеге келді. Бұл жағдайды Денсаулық сақтау басқармасы үнемі бақылауда ұстап отырды. Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов пен Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ 8 наурыз күні  арнайы келіп, үшемдердің анасын мерекесімен құттықтаған болатын, - дейді ол. 

Үшем үйіне келгенге дейін Қарғалы ауылындағы аудандық аурухана қызметкерлері үйде дезинфекциялау жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар отбасы мүшелеріне алгаритмге сай дезинфекциялауды үйретіп, жеке қорғаныс құралдары( антисептик, маскалар) берілді. 
Үшемдердің аман-есен дүниеге келуі үлкен қуаныш. Олардың күтіміне  2 орта медицина қызметкері көмек көрсетеді. Сонымен қатар арнайы "NAN" балалар тамағымен қамтамасыз етілетін болады, - деді Қарғалы ауылындағы аудандық аурухананың директоры Сертай Сагеев.

Алистановтар отбасында Галымжан, Рахымжан мен Мейіржанды  5 және 7 жастағы ағасы мен әпкесі күтіп алды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы