Алматы облысында дүкен тонаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Талдықорған, BAQ.KZ. Алматы облысының тәртіп сақшылары дүкендерге бірқатар қарақшылық жасаған қылмыстық топтың жолын кесті.

Топ құрамында төрт азамат болған. Олар қаңтар айынан бері Қарасай ауданында қылмыстық әрекеттерін жүзеге асырған. Ұсталғандардан қару, бетперделер және ерекше белгілері жоқ арнайы бөлімшелер пайдаланатын киімдер тәркіленді.

«Күдіктілердің қарақшылықтың жеті дерегіне қатысы бары дәлелденді. Олар кешқұрым дүкендерге қарақшылық шабуыл жасап, дүкеннің табысын әкетіп отырған. Келтірілген материалдық шығын шамамен 500 мың теңгені құрайды. Күдіктілерден тәркіленген шолақ тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, сондай-ақ киімдер айғақзат ретінде іс материалдарына тіркелді. Аудандық соттың санкциясына сәйкес екі күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды»,- деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Облыстық полицияның ақпаратына сәйкес, күдіктілердің өңірде болған өзге де қылмыстарға қатысы анықталуда. Тәркіленген шолақ мылтық сараптамаға жолданды. 

Фото: Қылмыскерлерді ұстау операциясының видеосынан скрин

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы