Алматы облысында былтыр 45 өндіріс орны пайдалануға берілген
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов «Jetisý Media» ақпараттық алаңында өткен брифингте айтты.
Оның айтуынша, дағдарысқа қарсы қабылданған шаралардың арқасында пандемияға қарамастан облыс экономикасының көрсеткіштерінің барлығы оң қорытындыға ие болған.
Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды орындай отырып, экономикалық өсімге қол жеткізу және халықтың әл-аухатын арттыру үшін барлық шаралар қабылданды. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінің ұлғаюы есебінен өнеркәсіптік өндіріс көлемі 11,8%-ға өсіп, 1 трлн 479 млрд теңгені құрады. Оның ішінде тамақ өнімдері 14,2 пайызға артты. Өткен жылы өңірімізде 24 кәсіпорын кеңейіп, жаңадан 45 өндіріс орны пайдалануға берілді, осылайша 1758 жаңа жұмыс орны ашылды,-деді ол.
Сонымен қатар ол Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 18,7 млрд теңге болатын 5 нысан пайдалануға берілгенін ерекше атап өтті. Оның ішінде алкогольсіз өнім шығаратын «Pure Pack» зауыты бар.
Ауылшаруашылық кешенін қолдау үшін өткен жылы 53,1 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 20 мыңға жуық агроөндіріс кешенінің субектілеріне 47 млрд теңгенің субсидиясы берілді,-деді Әмірханов.