Алматы облысында браконьерден 50 келіден астам балық тәркіленді
Алматы облысында полицейлер браконьерден 50 келіден астам заңсыз ауланған балықты тәркіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
27 қазанда “Браконьер” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Балқаш ауданының Құйған ауылы маңында полицейлер көрші Жамбыл облысының 45 жастағы тұрғынын ұстады. Ер адам моторлы қайықпен және тыйым салынған моножіпті торлармен балық аулаған.
Тінту кезінде құқық бұзушыдан 50 келіден астам көксерке, сондай-ақ заңсыз аулау құралдары табылды. Күдіктіге қатысты балық ресурстарын заңсыз өндіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Мемлекетке келтірілген залал 425 844 теңгені құрайды, – деп атап өтті Балқаш аудандық полициясының бастығы Айдар Умаров.
Тәркіленген балық кейіннен сату және мемлекет пайдасына түскен қаражатты аудару үшін қабылдау пунктіне өкізілді.
Естеріңізге сала кетейік, 20 қазаннан 19 қарашаға дейін облыс аумағында “Браконьер” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі, оның мақсаты табиғат қорғау заңнамасын бұзу және табиғатты заңсыз пайдалану, сатып алу, өткізу орындары, заңсыз өндірілген объектілер мен биоресурстар өнімдерін сату фактілерін анықтау болып табылады.