Алматы облысында бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Алматы облысында бопсалау және тонаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.

Алматы облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Талғар ауданында қорқытып алумен және тонаумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды. Тергеу барысында белгілі болғандай, қылмыстық схеманың ұйымдастырушысы – Қайназар ауылының 19 жастағы тұрғыны. Ол өз сыбайластарымен бірге құрбандарын әлеуметтік желі арқылы іздеп, оларды қитұрқы әрекетке түсірген.

Қылмыстық топтың құрамында 17 жастағы қыз болған. Ол құрбандарымен танысып, кездесуге ұсыныс жасап, олардың сеніміне кірген. Алайда бірер уақыттан соң кенеттен өзін "ағаларымыз" деп таныстырған бір топ жас жігіт келіп, жәбірленушіні қорқыта бастаған.

Қаскөйлер жалған айып тағып, жыныстық қатынасқа қатысты айыптаулар арқылы ақша талап еткен. Кей жағдайларда күш қолданудан да тайынбаған. Олар жәбірленушілердің бағалы заттары мен құжаттарын тартып алып, қомақты қаражат аударуға мәжбүрлеген.

Осылайша 6 ақпанда қылмыстық топтың құрбаны 24 жастағы Алматы қаласының тұрғыны болған. Оны бопсалаушылар күштеп ұстап, жеке құжаттары мен көлік құжаттарын тартып алған. Сондай-ақ 100 000 теңге аударуды талап еткен. Бұған қоса олар жәбірленушіні қорқытып, тағы 1,4 млн теңге беруге мәжбүрлемек болған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері қылмыстық топтың барлық мүшелерін анықтап, ұстады. Олардың үстінен бопсалау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жалпы саны жеті адам полицияға жеткізілді, оның төртеуі негізгі күдікті ретінде уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда тергеу жалғасып, олардың өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда, – деп хабарлады облыстық полиция өкілдері.

Құқық қорғау органдары қылмыстық топтың өзге де құрбандары болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Осыған байланысты зардап шеккендер болса, полицияға хабарласуын сұрайды. Тергеу амалдары жалғасуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы