Бизнесмендер қапшағайлық көпбалалы отбасыларға 30 пәтер сатып әперді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қапшағай тұрғындарына 30 пәтердің сертификатын тапсырды, деп хабарлады облыстық әкімнің баспасөз қызметі.
Дәл осы күні көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен І, ІІ мүгедектер сертификат алу қуанышына кенелді.
Teniz Towers тұрғын үй кешенінде "7-20-25" бағдарламасымен салынып жатқан пәтерлерді бизнесмендер Болат Әбілов пен Ораз Жандосовтар Eneverse Kunkuat ЖШС-ның жеке қаражатына сатып әперді. Еске салсақ, бұған дейін бұл компания Қапшағай қаласының маңынан 100 МВт күн электр стансасын салған болатын, - деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Көпшілікті қуанышты сәтімен құттықтаған Амандық Баталов, облыста халықты қолжетімді баспанамен қамту бағытында едәуір жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. Бұл ретте меценаттар тарапынан да зор қолдау жасалып отырғанын тілге тиек етті.
Елбасының сарабдал саясаты, оны лайықты жалғастырып келе жатқан президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанған бағыты, соның негізінде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр. Осы мақсатта Алматы облысында үлкен жұмыстар атқарылуда. Қабылданған шаралардың арқасында өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 4,5% өсіммен 3 трлн теңгеге жетті. Әсіресе, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше мән береміз. Тұрғын үйлер бюджет қаржысынан пайдалануға берілуде, бұл ортақ іске біздің меценат жерлестеріміз де зор үлес қосып келеді... Ал бүгін біз облысымызда ірі жобаларды жүзеге асырып жатқан бизнесмендердің көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, мүгедек жандарға өз қаражатына 30 пәтер сатып алып бергенінің куәсі болып отырмыз. Бұл – бәріміз үшін маңызды әрі қуанышты жағдай. Шаңырақтарыңызға шаттық пен бақыт, құт-береке тілеймін, - деген Баталов бизнесмендерге алғысын білдірді.
Мұнан соң меценаттар құттықтау тілектерін айтты.
Бүгін - біздің компаниямыз үшін де маңызды күн. Біз жаңа үйден 30 пәтер сатып алып, сіздерді қуантқанымызға ризамыз. Жаңа баспана сіздерге тек қана қуаныш, мейірім мен молшылық әкелсін! Бақытты болыңыздар!, - деді Әбілов.
Облыс әкімі бизнесмендермен бірге "7-20-25" мемлекеттік бағдарламасымен салынып жатқан 70 пәтерлі тұрғын үйдің 30 пәтерінің сертификатын қала тұрғындарына салтанатты түрде табыс етті.
Қапшағайлықтардың атынан "Қамқор жүрек" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ләззат Салықова мен көпбалалы ана Светлана Кеулімжаева сөз алып, көрсетілген қолдауларға шын жүректен ризашылықтарын айтып, қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтады.
Менің 7 балам бар, "Алтын алқа" иегерімін. 2008 жылдан бері мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін үй кезегінде тұрмын. Бүгін, міне, менің отбасым көптен күткен жеке пәтеріне қол жеткізгелі тұр. Бұл мен үшін – зор қуаныш. Көпбалалы отбасылардың атынан бізге көрсеткен қамқорлықтарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын, - деді көпбалалы ана.
Айта кетсек, Teniz Towers тұрғын үй кешенінің құрылысы 2019 жылдың қараша айында басталған болатын. Биылғы жылдың мамыр айында пайдалануға беріледі. Мердігер компания - "Дрифт Групп" ЖШС. Кешенде 70 пәтерлі бесқабатты үй салынады. Онда жалпы алаңы 3915,2 шаршы метр болатын 16 бір бөлмелі, 40 екі бөлмелі және 14 үш бөлмелі пәтерлер бар. Жалпы 2020-2021 жылдары Қапшағай қаласында 200 пәтерлі 5 бесқабатты тұрғын үйлер құрылысы жоспарланған. "7-20-25" бағдарламасымен Balsu-Lux тұрғын үй кешеніндегі үш көппәтерлі тұрғын үйдің 54 пәтері пайдалануға қабылданып алынған. Сонымен қатар, "Нұрлы жер" бағдарламасымен биылғы жылдың мамыр айында 30 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Бір арендалық, екі кредиттік үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Амандық Баталов өзінің орынбасары Батыржан Байжұмановқа осы компаниямен педагогтар мен медицина қызметкерлеріне арнап тұрғын үйлер салу туралы келісімшарт жасасуды тапсырды.
Үйлердің сапасы өте жақсы. Мұндай үйлерді облыстың кез келген ауданынан салуға болады. Ең алдымен, осындай үйлерді кадр жетіспеушілігін шешу мақсатында дәрігерлер мен мұғалімдерді тұрғын үймен қамту туралы жоспарымызды жүзеге асыру үшін Талдықорған қаласында қолға алу мәселесін қарастыру қажет, - деді Баталов.