Алматы облысында бірқатар ЖШС-ға ескерту берілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті акцияларының 50 пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес тұлғалардың қызметтеріне талдау жасады.
Талдау нәтижелері бойынша Алматы облысында кейбір мемлекеттік заңды тұлғалар іс жүзінде Жарғыға сәйкес келмейтін: техникалық қадағалау қызметтері, ағымдағы жөндеу жұмыстары, абаттандыру жұмыстары және т.б. айналысатыны анықталды. Мемлекеттік заңды тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетіндігін атап өткен жөн. Сонымен қатар, бұл қызмет түрлері монополияға қарсы органмен келісілмеген, бірақ Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына сәйкес, келісілуі тиіс. Бұлар - «Ақсу тұрғын үй» ЖШС, «АлатауКомСервис» ЖШС, «Жетісу-ОблГаз» ЖШС, «Қаратал ауданының тұрғын-үй пайдалану қызметі» ЖШС, «Текелі қаласының тұрғын-үй пайдалану кешені» ЖШС, «Қапшағай тұрғын үй» ЖШС, «Талғар тұрғын үй» ЖШС, «Талдыкорган Көркейту» ЖШС, - делінген агенттік хабарламасында.
Осылайша, осы серіктестіктердің әрекеттерінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы монополияға қарсы заңнамасын бұзу фактісі байқалды.
Осыған байланысты департамент жоғарыда аталған Мемлекеттік заңды тұлғаларға монополияға қарсы органмен келісілмеген қызметті жүзеге асыру бөлігіндегі бұзушылықтарды тоқтату туралы және заңнамаға сәйкес келмейтін қызмет түрлерін Жарғыдан алып тастау туралы нұсқаулық жіберді.