Алматы облысында бір тәулікте 900-ге жуық жүргізуші ереже бұзған
Айыппұл тұрағына 25 көлік қойылды.
Алматы облысында бір тәулік ішінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзудың 882 дерегін анықтады. Тексерулер «Құқықбұзушыны тоқтат» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, рейд қорытындысы бойынша айыппұл тұрағына 25 көлік қойылған. Оның ішінде шетелдік мемлекеттік нөмірі бар бір автокөлік те бар. Сонымен қатар полиция қызметкерлері 18 мемлекеттік тіркеу нөмірін алып қойған.
Профилактикалық іс-шара барысында жол қозғалысы ережесінің өрескел бұзылуына ерекше назар аударылып отыр. Атап айтқанда, мас күйінде көлік жүргізу, қарсы бағытқа шығу, жылдамдықты асыру, сондай-ақ рөлде отырып ұялы телефон пайдалану фактілері жіті тексерілуде.
Рейдтік шараларға Алматы облысының ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінің патрульдік жасақтары да тартылғаны атап өтілді. Негізгі тексерулер көлік қозғалысы тығыз трассалар мен халық көп шоғырланған аумақтарда жүргізіліп жатыр.