Алматы облысында биіктігі 30 метрлік тутұғыр орнатылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің ордалы 30 жылдығы мерекесі қарсаңында Ұйғыр ауданында биіктігі 30 метр болатын тутұғыр орнатылды.
Тутұғыр аудан орталығы Шонжы ауылына орнатылып, салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараның шымылдығы гимн шырқауымен ашылып, көк байрағымыз өз биігіне көтерілді. Тутұғырдың биіктігі 30 метр, тудың көлемі 3×6 метр.
Көкпен таласа бой көтеріп, көш жерден көз тартып, ауыл көркіне көрік қосып, көркем табиғатпен жарасып тұрған көк байрақ аудан тұрғындарына Тәуелсіздік күніне тарту болды.
Бүгін міне, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ауданымыздың әр беретін айшықты нысандар қатары айбынды ту тұғыр алаңымен толықты. Көк байрағымыз көкпен ұштасты. Ту біз үшін – өте қастерлі, қанымызда қайнаған намыс, рухты көтеретін құдірет. Атамекеніміздің төріне алып ту тігу – біз үшін асқан абырой, зор мәртебе. Өңіріміздің айбынын ашқан байрағымыз аудан көркін одан әрі асқақтата түсеріне сенемін, - деп атап өтті аудан әкімі Ш.Нурахунов.