Алматы облысында ауыл шаруашылығының үздіктері анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында «Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі» атанған Іле ауданындағы «ДәулетБекет» ЖШС мен Ескелді ауданындағы «Нам» шаруа қожалығына «МТЗ-82.1» тракторы берілді.
Сол сияқты басқа да ауыл шаруашылығының үздіктері мемлекеттік наградалармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бұл туралы бүгін Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың қатысуымен өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында белгілі болды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған облыс әкімі Қанат Бозымбаев агроөнеркәсіп кешенінің ел өміріндегі маңызына тоқталды.
Елдігімізді еселеп, бірлігімізді нығайтқан Тәуелсіздік жылдары ішінде ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде осы салада 400 мыңға жуық адам еңбек етіп, облыс дамуына зор үлес қосып келеді. Біз жыл соңын жақсы нәтижелермен аяқтап отырмыз. Ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі бір триллионға жетті. Өңірде биыл 16 мыңнан астам шаруашылық құрылымдарына бюджеттен 50 млрд. теңгеден астам қаражат берілді, оның 43 млрд. теңгесі – субсидия. Президентіміздің агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін жəне өнім экспортын 2,5 есеге арттыру туралы тапсырмасын орындау мен жоспарланған шараларды іске асыруға облыста барлық мүмкіндік бар. Нәтижелі көрсеткіштерге өздеріңізбен бірлесіп қол жеткізетін боламыз, - деді Қанат Бозымбаев.
Шара бұдан әрі марапаттау рәсімен жалғасып, жыл бойы аграрлық салада жемісті еңбек еткен ұжымдарға наградалар және сый-сияпаттар берілді. Атап айтқанда, «Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі» байқауында аудандар арасында Еңбекшіқазақ ауданы, округтер арасында Панфилов ауданы, Айдарлы ауылдық округі үздік деп танылды. Осы аталым бойынша Балқаш, Талғар, Қарасай, Кеген, Райымбек, Ескелді, Кербұлақ аудандарының да еңбегі еленді. Сол сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласының жеңімпаздары ретінде «Үштөбе Айдын» ЖШС, «Макария» ЖШС және «Almaty tannery» ЖШС-лары танылды. Аталған жеңімпаздардың барлығына ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Ал «Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері» номинациясында Іле ауданындағы «Дәулет Бекет» ЖСШ мен Ескелді ауданындағы «Нам» шаруа қожалығы оқ бойы озық шығып, оларға «МТЗ-82.1» тракторы берілді. Осы қатарда алакөлдік «Алакөл Агро» серіктестігі, Кеген ауданынан «Ринат» шаруа қожалығы, Сарқан ауданынан «СайранбекАгро» ЖШС, Көксу ауданынан «ҚайнарКөксу» ШҚ биік межеден көрініп, еңбектері еленді.
Сол сияқты бірқатар азаматтарға Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.
Марапат иелері атынан сөз алған «Дәулет Бекет» ЖШС басшысы Дәулет Сыдықов ел тәуелсіздігінің арқасында жиырма жылдан бері түйе шаруашылығымен айналысып, кәсібін өркендетіп отырғанын атап өтті.
Бір малым екеу болса ауылымды көркейтемін дедім. Сондай ниетпен 100 орындық балабақша, 100 орындық шипажай салдым. Жуырда түйенің құрғақ сүтін шығаратын зауыт аштым. Қазір 5 мың бас түйем бар. Мұнымен тоқтап қалмай, елдің игілігі үшін әлі де қызмет ете беремін, - деді Дәулет Сыдықов.
Сонымен бірге Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымының міндетін атқарушы Шолпан Бастаубаева да мерекеге орай құттықтау тілегін білдірді.
Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен салтанатты жиында фойеге өңірде өндірілетін ауыл шаруашылығы тауарларынан көрме ұйымдастырылды.