Алматы облысында «Ауыл Футбол Open» балалар турнирі өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысындағы Жібек Жолы ауылында «Арман Ауыл» қорының ұйымдастыруымен «Football Weekend» спорттық-ағартушылық шарасының аясында «Ауыл Футбол Open» турнирі өтті.

Жарыстың ашылу салтанатында «Ауыл Футбол» жобасының жетекшісі Серік Мәмбетов, «Арман Ауыл» қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алмас Тоқабаев және Алматы облысы Жастар ресурстық орталығының басшысы Әлішер Нұржанов сөз сөйлеп, сәттілік тіледі.

Турнирге барлығы 8 команда қатысты. Үздіктер бас қосқан «А» тобында Red Sapsans, JetyJal, Қарқаралы, Алатау Қаракестек және «В» тобында Ақбарыс, Алдабергенов, RS-2, Алмалы командалары сынға түсіп, тартысты ойын көрсетті.

Топтық ойын нәтижесінде «А» тобынан жартылай финалға «Қарқаралы» және «Қаракестек», «В» тобынан «Ақбарыс» және «Алдабергенов» командалары топ жарып шықты. Финалдық ойында «Ақбарыс» және «Қарқаралы» клубтары қызықты ойын сыйлады.

«Ауыл Футбол Open» турнирінің Алматы облысы бойынша жеңімпаздары анықталды:

1-орын – «Ақбарыс» командасы

2-орын – «Қарқаралы» командасы

3-орын – «Алдабергенов» командасы

Турнирде балаларға өз ақ тілегі мен демеу білдіруге келген қазақ футболына еңбегі сіңген қайраткер, аты аңызға айналған футболшы Сейділда Байшақов және атақты футболшы Игорь Утробин сөз сөйлеп, жеңімпаздарды құттықтады.

Ауыл балаларының ойын барысында шыңдалған шеберліктері мен қабілеттерін, футболға деген талпыныстарын көруге ФК «Жас Қыран» скауттары келді. Бұл турнир ауыл балаларынан таланттарды таңдап, оларды клубқа шақыруға үлкен мүмкіндік.

«Ауыл Футбол Open» турнирі - біз ашқан Ауыл Футбол Лигасын таныстыру мақсатында өткізген тұсаукесер турнирінің бірі. Былтыр Түркістан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында осындай үш турнир өткіздік. Қазіргі таңда өңірлерден ауыл командаларының өтінімдерін жинап жатырмыз. 1 наурыздан бастап Лиганың өту мерзімі, форматы, турнирлер кестесін нақты бекітіп, аудан, облыс деңгейінде бастайтын боламыз, – дейді Серік Мәмбетов.

Ауқымды өткен турнирде футболшылар мен жанкүйерлерге футболдың атмосферасын толықтай сезіну үшін камералармен әр матчты түсірілім жасап, ойынды коментаторлар жүргізіп, ойын барысындағы заңдылықтарды сақтау үшін арнайы төрешілер мен көмекшілер (волонтерлар) жұмылдырылды.

Турнир соңында барлық команда, жаттықтырушылар мен қонақтар грамоталармен марапатталып, кубоктор табысталды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы