Алматы облысында әскери тікұшақ жоғалып кетті
Әлеуметтік желілерде Алматы облысы аумағында EC-145 әскери тікұшағының жоғалып кеткені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылғы 25 шілдеде Алматы облысында жоспарлы ұшу барысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағы радардан жоғалып кетті. Алдын ала мәлімет бойынша, тікұшақ бортында үш экипаж мүшесі болған. Оқиға орнына Қорғаныс министрлігі мен ТЖД-ның күштері мен құралдары жұмылдырылып, іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия аттанды. Қосымша ақпарат оқиғаны анықтау барысы бойынша берілетін болады, - делінген Қорғаныс министрлігінің ресми хабарламасында.
Бұдан дейін оқиға орнына дереу ҚР ТЖМ-нің күштері мен құралдары, соның ішінде "Қазавиақұтқару" тікұшағы жұмылдырылды.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖМ бөлімшелері, Апаттар медицинасы орталығы, Республикалық жедел-құтқару жасағы мен ТЖМ авиациясы жұмылдырылды. Барлығы 100-ден астам адам мен 15-ке жуық бірлік техника, оның ішінде авиация мен ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылды.