Алматы облысында аналарға Алтын және Күміс алқалар табысталды
Астана, BAQ.KZ. Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрында 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай салтанатты жиын өтіп, онда облыс әкімі Амандық Баталов 200-ге жуық әйел азаматтарды мерейлі мерекемен құттықтады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өз құттықтауында облыс әкімі әйел-ананың қоғамдағы рөліне тоқталды. Олардың мемлекеттік қызметте, қоғамдық жұмыста, кәсіпкерлікте, ең бастысы ұрпақ тәрбиелеуде бар күш-жігерін жұмсап, табысқа қол жеткізіп жүргендігін атап өтті.
"Елімізде аналарға, әйел адамдарға зор көңіл бөлініп келеді. Оған "Nur Otan" партиясының XVIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жариялаған шешімі зор серпін қосты. Осы бағытта көп балалы және аз қамтылған отбасыларын қолдауда облыста көптеген игі шаралар атқарылатын болады. Барша ер азаматтардың атынан сіздерге ерен еңбектеріңіз, қажымас қайрат пен ерік-жігерлеріңіз үшін алғыс айтамын", - деді Амандық Баталов.
Салтанатты жиында Іле, Қарасай, Талғар аудандары мен Талдықорған қаласынан келген көп балалы аналарға Алтын және Күміс алқалар тапсырды.
Жетісулық әйелдер қауымы атынан көп балалы ардагер ана, жуырда өткен партия съезінің делегаты Ғалия Ақбасова сөз алып, мерекелік тілегін жеткізді.
Жалпы, Алматы облысының тұрғынының жартысынан көбі, яғни 51%-і әйелдер. Мемлекеттік қызметте 4 019 адам болса, ондағы әйелдердің үлес-салмағы - 49 %. Атап өтер болсақ, әр деңгейдегі мәслихат депутаттарының қатарында 60 әйел бар, ал 146 жергілікті атқарушы билік органын әйелдер басқарып отыр.