Алматы облысында 91 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Алматы облысында биыл мақсатсыз пайдаланылған немесе уақытылы игерілмеген 91 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында жүргізіліп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Өңірде соңғы үш жыл ішінде жалпы көлемі 518 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған. Оның 330 мың гектары қайтадан айналымға енгізіліп, 100 мың гектар алқап ауыл шаруашылығы мақсатында игеріле бастады.

Сонымен қатар, пайдаланылмаған жер телімдеріне қатысты 38 учаске бойынша жалдау шартын бұзу туралы талап арыздар жолданды. Жерді қайтару және тиімді пайдалану бағытындағы шаралар Балқаш, Жамбыл, Қарасай және Кеген аудандарында жүйелі түрде іске асырылып жатыр.

Аудандар мен Қонаев қаласының әкімдігі биыл жер телімдерін бөлу мақсатында жеті рет конкурс өткізген. Бұл шаралар жер ресурстарын ашық әрі тиімді пайдалануға бағытталған.

Алматы облыстық Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Артықбай Болғанбаевтың айтуынша, жер қайтару жұмыстары облыстық прокуратурамен және Жер ресурстарын басқару департаменттерімен бірлесіп жүргізілуде.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жер ресурстарын басқару комитеті бізге жер қайтару бойынша 90 мың гектар көлемінде жоспар қойған болатын. Жыл басынан бері 308 жер учаскесі қайтарылып, олардың жалпы аумағы 91 мың гектарды құрады, – деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы