16 Қыркүйек 2026, 10:32 Фото: polisia.kz

Алматы облысында 881 түп қарасора тәркіленді

Алматы облысында құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсірді деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция мәліметінше, дерек «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған. Алматы облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен заңсыз егістіктің жолын кескен.

Тексеру кезінде арнайы өсірілгені байқалатын қарасораға ұқсас 881 түп өсімдік анықталып, тәркіленді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті өсімдіктерді шамамен екі ай бойы өзі өсіріп, күтіп-баптап, суарып отырған.

Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді.

Жауап алу кезінде ер адам кінәсін мойындап, өсімдіктерді сату мақсатында емес, жеке пайдалану үшін өсіргенін айтқан.

Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.