Алматы облысында 7 сынып оқушысы өз мектебінің сайтын жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысы Ақсу ауданы Жансүгіров ауылында Ж.Сыдықов атындағы орта мектептің 7 «б» сынып  оқушысы Тимур Брижанов өз мектебінің ресми сайтын жасап шықты, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Ол осы жобасымен облыстық «Менің Отаныма – менің бастамам» шығармашылық жобалар байқауында «Медиа жобалар» бағыты бойынша жүлделі ІІ орын иегері атанды. 

Сайт жасауды Youtube желісінің көмегімен үйрендім. Жетекшім, информатика пәнінің мұғалімі Гүлжан Құлынбаеваның бағыт беруімен қосымша әдебиеттерді оқып, сайт жасауға арналған тегін Github хостингін пайдаландым. Сайт үш тілде жүргізіледі. Алдағы уақытта мазмұны мен форматын әлі де жетілдірсем деймін, - дейді Тимур Брижанов. 

Сайтқа кірушілер мектептің тарихымен, тыныс-тіршілігімен, ұжым құрамымен, соңғы жаңалықтармен таныса алады. Жас өнертапқыштың айтуынша, болашақта онлайн кітапхана құру қолға алынады. Мектептің сайтына QR код арқылы кіру жоспарланып отыр.

Оқушым сайт жасау туралы ұсыныс білдірді. Сөйтіп екеуміз бұл іске бірлесе кірістік, мен негізінен бағыт беріп отырдым. Мектептің тарихи мәліметтерін жинақтауға, басқа да қажетті ақпараттарды үш тілде толықтыруға мектеп басшылығы көмектесті. Сайтты әзірлеуге екі жылдай уақыт кетті. Балалар жылында бұл біздің мектеп үшін үлкен қуаныш болып отыр. Бүгінгі таңда мектептегі талапты оқушыларға қосымша сабақтар жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бұл ретте маған Тимур Брижанов білікті көмекші болып жүр. Қазіргі кезде сайт жасауға деген қызығушылығы бар 8-10 сынып оқушыларынан топ құрдық. Оларға аптасына екі рет сабақ жүргізіледі, - деді Г.Құлынбаев. 

Ақсу аудандық әкімдігінің хабарлауынша, мектеп сайтын қолға алғанға дейін Т.Брижанов санитарлық авиация саласында қолданылатын тікұшақ макетін құрастырған. Осы жобасымен «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялардың облыстық байқауында «Авиация саласындағы жобалар» номинациясы бойынша жүлделі 1 орын иегері атаныпты. Тимур болашақта техник-бағдарламашы болуды армандайды. Ол арманына жетуге қазірден-ақ қадам жасап келеді.

Тимурдың тағы бір жоспары - болашақта дүкендерге арнап сайт жасау. Осы арқылы тұтынушы ауылдағы барлық дүкендердегі қажетті азық-түлік бағасын сараптап, арзанын таңдауға мүмкіндік алады деп есептейді. Сонымен қатар үйде отырып қажетті тауарға онлайн тапсырыс беруге мүмкіндік жасау көзделуде. 

Атап өтерлігі, облыстағы мектептерде 227 робототехника үйірмесі жұмыс істейді. Оларда 2500-ге жуық бала дәріс алуда. Сол сияқты заманауи техникамен және тиісті бағдарламалармен қамтамасыз етілген 119 ІТ сынып пен 21 STEM кабинеттерінің қызметі оқушылардың цифрлық сауаттылығын қалыптастырып, жаңа идеялармен жұмыс істеу машығын жетілдіруде.  

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы