Алматы облысында 50-ден астам сервистік-дайындау орталығы бар
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 7 бағытта 51 сервистік-дайындау орталығы құрылып, оларға 1200-ден астам ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, қаржылық лизингімен берілген.
Алматы облысы - сервистік-дайындау орталықтары табысты жұмыс істеп келе жатқан өңірлердің бірі.
«Жетісу» ӘКК-нің хабарлауы бойынша, облыс әкімінің тапсырмасымен соңғы жылдарда өңірде қант қызылшасы бағытында 29 СДО, дәнді дақылдар бойынша – 7, көкөніс – 1, жүгері – 2, күріш – 4, картоп – 3, жем дайындауда 5 сервистік дайындау орталығы құрылып, олардың жалпы саны 51-ге жеткен. Аталмыш СДО-ларда қаржылай лизинг арқылы берілген 1204 дана ауыл шаруашылығы техникасы қызмет көрсетуде. Соның ішінде биылғы жылы 6 СДО құрылып, (3 - жем дайындау, 2 - күріш, 1 - дәнді дақылдар бойынша) оларға 88 техника алып берілді. Заманауи техниканы жеңілдік шарттарымен ұсынатын сервистік-дайындау орталықтары іс жүзінде ауылдағы бизнесті дамытуға зор ықпал етіп, әлеуметтік жобаға айналды.
«Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ерғазы Орымбасаровтың айтуынша, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері шығындарды бірнеше есе оңтайландырып, фермерлердің шығыстарын азайтқан ең заманауи және "ақылды" техниканы қолданып келеді. Арнайы техникалар CLAAS, DEUTZ-FAHR, JohnDeere, FranzKleine, "Ростсельмаш", Минск трактор зауыты және басқа да әлемдік өндіруші зауыттардан сатып алынады. Технология барысында көп еңбекті қажет ететін процестер кең ауқымды машиналардың көмегімен жүзеге асырылады. Бұл ретте дақылдарды нүктелік технологиямен себу және оларға күтім жасау егістікті арамшөпсіз таза ұстауға және дақыл аралығының сиректігіне қол еңбегін пайдаланбай-ақ қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Осы шаралардың барлығы шығындарды бірнеше есе оңтайландырып, кәсіпкерлердің шығындарын азайтты. Облыс басшылығының қолдауымен осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып келеміз, - деді Е.Орымбасаров.
Жалпы сервистік-дайындау орталықтарының жұмысы ауыл шаруашылығы құрылымдарын шоғырлануға ынталандыру, кешенді түрде өндірістік және маркетингтік қызметтер көрсету арқылы ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру және сол арқылы ауыл халқының өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған.