Кеше 2026, 20:24 Фото: gov.kz

Иран инвесторы Алматы облысында ірімшік зауытын салады

Қазақстан мен Иран жаңа жобаны бастады.

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне тағы бір ірі инвестициялық жоба тартылды. Ирандық Solico Group компаниясы Алматы облысында заманауи ірімшік өндіретін зауыт салуға 35,2 млрд теңге инвестиция құюға ниетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан мен Иран жаңа жобаны бастады

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен ирандық азық-түлік холдингінің президенті Голам Али Сулеймани сүтті терең өңдеу саласындағы ірі жобаны іске асыру жөніндегі инвестициялық келісімге қол қойды.

Бұл бастама Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадамдардың бірі саналады. Сонымен қатар келісім өткен жылдың желтоқсанында Иран Ислам Республикасының Президентінің Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы болып отыр.

Жылына 155 мың тонна өнім өндіріледі

Жоба Алматы облысында жүзеге асырылады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 155 мың тонна өнім шығаруға есептелген.

Қазіргі уақытта құрылыс жүргізілетін аумақта құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кеткен. Кәсіпорынды пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланып отыр.

Жобаның жалпы инвестициялық құны 35,2 млрд теңгені құрайды.

Мемлекет өңдеу өнеркәсібіне басымдық беріп отыр

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңделген өнім өндірісін ұлғайту мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін айтты.

Оның сөзінше, Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешенде жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту міндетін қойған.

Өткен жылы Қазақстанда ірімшік пен сүзбе өндірісінің көлемі 13,1 пайызға артты. Жаңа зауыттың іске қосылуы қайта өңдеу өндірісінің көлемін арттырып қана қоймай, отандық сүт өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастырады,-деді министр.

Ирандық инвестор Қазақстандағы жобаларын кеңейтпек

Компания президенті Голам Али Сулеймани Қазақстанды ұзақ мерзімді стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, компания тек ірімшік өндірісімен шектелмей, алдағы уақытта картоп өңдеу және балалар тағамын шығару бағыттарында да жаңа жобаларды қолға алу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Қазақстанның аграрлық әлеуеті жоғары. Географиялық орналасуы тиімді әрі инвестициялық климаты қолайлы. Сондықтан біз елдегі инвестициялық қатысуды одан әрі кеңейтуге мүдделіміз,-деді ол.

400 жаңа жұмыс орны ашылады

Инвестициялық келісім аясында өндірістік нысанға қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылып, инвесторға бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады.

Жоба жүзеге асқаннан кейін 400 тұрақты жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар компания қазақстандық мамандарды оқытуға, олардың біліктілігін арттыруға және заманауи өндірістік технологияларды енгізуге міндеттеме алған.

Әлеуметтік жобаларға жыл сайын 50 млн теңге бөлінеді

Компания өндірістік қызметпен қатар әлеуметтік жауапкершілік бағытында да жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр.

Атап айтқанда, 2028-2038 жылдар аралығында Алматы облысындағы жергілікті қауымдастықтарды қолдау мен әлеуметтік бастамаларды іске асыру үшін жыл сайын 50 млн теңге бөлу көзделген.