Кеше 2026, 22:27
Фото: скрин
Алматы облысында 100 млн теңгеге сынап сатпақ болған күдікті ұсталды
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында сынапты заңсыз өткізу фактісін анықтаған.
Алматы облысында аса қауіпті химиялық затты заңсыз сатпақ болған азаматтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Арнайы операция прокуратураның үйлестіруімен және ҰҚК өкілдерімен бірлесіп жүргізілді.
Тергеу барысында Түркістан облысының 28 жастағы тұрғыны 100 миллион теңгеге қауіпті затты сатпақ болған сәтінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оқиға орнынан жалпы салмағы 3 келіден асатын шыны ыдыстағы металл сынап тәркіленді. Қазір іс бойынша барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Құзырлы органдар сынаптың адам денсаулығына аса қауіпті екенін ескертті. Оның булары ауыр улануға, жүйке жүйесінің зақымдануына әкелуі мүмкін, сондай-ақ қоршаған ортада жиналып, ұзақ мерзімді зиян келтіреді.