Алматы облысында 100 көпбалалы анаға отбасылық демалыс ұйымдастырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматы облысында 40 мың жетім және көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың баласы жазғы демалыспен тегін қамтылады. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында өңір әкімі Амандық Баталов мәлімдеді.

«Облыста 1520 сауықтыру лагері мен алаңы жұмыс жасайды. 354 мың бала сауықтырумен қамтылады. Оқушылардың жалпы санынан – 96%. Өткен жылға қарағанда біз тағы қосымша қаржы бөлгеннің арқасында 47 мың балаға асып отыр. Оның ішінде, еңбек қызметімен 111 мың оқушы (30%) қамтылады және спорт-туризммен айналысатындары 85 мың бала болады. «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық лагерлерінде 381 бала демалады. Жазғы демалысты ұйымдастыруға қаражат көлемі 782 млн теңгеге жетті немесе 113 млн теңгеге көбейді. Оның ішінде, демеушілердің арқасында 432 млн теңге жиналды. Осының себебінен 40 мың жетім және көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың баласы жазғы демалыспен тегін қамтылады», - деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, көпбалалы аналарға отбасылық демалыс ұйымдастыруға демеушілер мен меценаттардың қаражаты тартылған.

«Биыл алғаш рет біз санаторийлер мен демалыс үйлерінде 100 көпбалалы аналардың балаларымен бірге отбасылық демалысын ұйымдастыру туралы шешім қабылдадық. Бұл үшін демеушілер мен меценаттардың қаражаты тартылып, қосымша бюджеттен де тағы қаржы қарастырып отырмыз», - деді Баталов.

Облыс басшысы өңірдің 1 маусымға дейін жазғы демалыста балаларды қабылдауға толық дайын болатынын жеткізді.

«Қазіргі уақытта дайындық жұмыстарына келсек, өрт қауіпсіздігі жағдайы және санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталуын тексеру жұмыстары жүргізілуде. 1 маусымның ашылуында барлық қала сыртындағы лагерьлер және мектеп жанындағы алаңдар балаларды қабылдауға дайын болады», - деді өңір әкімі.

Бұған дейін Ерлан Қошанов Қарағанды облысында көпбалалы отбасылардың балалары сауықтыру шараларымен қамтылатынын айтқан болатын.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы