Алматы облысына келушілер саны азайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысына карантиннің алғашқы күнінде-ақ келуші адамдар саны азайды, деп хабарлайды Polisia.kz.

15 сәуірден бастап Алматы облысы аумағында карантин жарияланған болатын. Облыстық Бас санитарлық дәрігердің қаулысы күшіне енген сәттен бастап Алматы облысының аумағына кіруге ниет білдіруші адамдар мен көліктер саны күрт азайды.
Облысымызға келушілер санына талдау жүргізу барысында карантиннің алғашқы күні-ақ өтушілер саны 7000 адамға дейін қысқарды. Бұған дейін күніне 20 000 адамға дейін бекеттен өтетін. Сәйкесінше, көліктер саны да 12 мыңнан 5 мың көлікке дейін азайды, – деді облыстық Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Бағдат Әшімов.

Халық арасында жүргізілген сауалнама барысында тұрғындар мен облыс қонақтарының санитарлық алдын алу шараларына түсіністікпен қарайтыны және өз өмірін қатерге тігіп, қиын шақта бекеттерде қызмет етіп жатқан қызметкерлерді қолдайтыны белгілі болды.

Анықтама: қазіргі уақытта облыс аумағында 131 бекет қызмет атқарады. Оның ішінде 65 санитарлық және 66 мобильді бекет бар. Полиция, Қорғаныс министрлігі және медицина қызметкерлері бекеттен өтушілерді тексеру үшін қажетті барлық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы