Облыс полицейлері: Репрессия құрбандарының ұрпақтары хабарлассын
Талдықорған, BAQ.KZ. Алматы облысының полицейлері Ақсу ауданының тұрғынына Кеңес Одағы кезінде репрессия құрбаны болған атасы туралы мәліметтерді мұрағат құжаттарынан тауып берді.
«Ақсу ауданының тұрғыны 1905 жылы туған әкесі Ахметқожа Мұсабаланов туралы ақпарат тауып беру туралы өтініш білдірді. Құжаттарды зерттеу барысында әкесі туралы құжаттар табылып, ол кісінің өмірі, соғыста болған жерлері мен жау қолына түскені анықталды. Соғыстан кейін тұтқынға алынып, 25 жылға сотталғаны анықталды»,- деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2014 жылы 8000-нан астам мұрағат құжаттарын табыстаған. Облыстың тәртіп сақшылары аталған құжаттарды жан-жақты зерделеді. Оның ішінде солақай саясаттың құрбаны болған азаматтар, Екінші дүниежүзілік соғыста қайтыс болған солдаттар туралы ақпараттар, фотосуреттер мен ресми құжаттар бар.
«Сол кездегі саясаттың құрбаны болған әкем туралы ақпарат тауып берген Полиция департаментінің қызметкерлеріне алғысым шексіз. Бала кезіміздегі «халық жауының ұлы» деген қара күйе қазір менің отбасым үшін мақтаныш сезімге ұласты. Әкемнің ерліктері туралы оқыдым және фотосуретін алдым»,- деді І. Жансүгіров кентінің тұрғыны Ғабит Ахметқожанұлы Мұсабаланов.
Өз кезегінде, облыстық полицейлер тұрғындарға репрессия құрбаны болған жақындары туралы ақпарат табу мақсатында хабарласуға болатынын жеткізді. Мұрағат құжаттары ішінен айып парақшасының көшірмесін, үй-іші туралы анықтаманы, тағылған айыпты және оны оңалту шаралары туралы құжаттардың көшірмелерін алуға болады. Егер, жеке суреттері мен құжаттары болса, ұрпақтарына табысталады.