Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы тұрғындармен кездесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Аулада қабылдау» республикалық акциясы аясында Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов Талдықорған қаласында тұрғындармен кездесті.
Облыстың бас полицейі бұған дейінгі акция барысында берген тапсырмаларының орындалуын да тексерді. Аула қауіпсіздігіне қатысты қабылданған шаралар үшін тұрғындар полиция басшылығы мен учаскелік полицейлерге алғысын білдірді.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Талдықорған қаласындағы «Жастар» шағын ауданының тұрғындары полиция генералына ауладағы камера жұмысына, ауладағы көліктердің жоғары жылдамдықпен жүретініне, түнгі мезгілде тыныштықты сақтауды қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстарын айтқан болатын.
Талдықорған қаласы Полиция басқармасының басшылығы тұрғындардың ұсынысын қарастырып, ауладағы қауіпсіздік шараларын қабылдағанын жеткізді.
«Үйлердің кіреберістеріне учаскелік полиция инспекторының суреті мен барлық байланыс нөмірлері жазылған ақпарат парақтары ілінді. Үйлер арасында көліктердің жылдамдығын шектеу мақсатында жасанды кедергілер орнатылды. Ауладағы көліктердің еркін кіріп шығуы қамтамасыз етіліп, тиісті жол белгілері орнатылды. Полиция басшылығына, әсіресе генерал-майор Мұрат Жалелұлы Ұрұмхановқа алғысымыз шексіз»,- деді «Элита» пәтер иелерінің төрайымы Бикен Смағұлова.
Сонымен қатар, қалалық полицейлер тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәртіп сақшыларының тәулік бойы патрульдеу жұмысының күшейтілгенін, камералардың тиімді жұмысының ұйымдастырылғанын атап өтті.