Алматы облысы карантинге қатысты қаулы қабылданды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдесінен кейін Алматы облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері жаңа қаулы қабылдады.
"Алматы облысының аумағында үшінші сатыны іске асыру кезеңінде карантин және карантиндік шараларды босаңсыту туралы" қаулыда карантин шараларын жеңілдету шарттары белгіленген.
Қаулыға сәйкес көршілес облыстармен шекараларда блок-посттар, аудандар мен қалалар арасында мобильді посттар жұмысы жалғасады. Сол сияқты санитарлық-дезинфекциялық талаптарды қатаң сақтай отырып, өз жұмысын бастайтын нысандардың тізімі кеңейтілді. Бұл қатарда алаңы 500 шаршы метрден аспайтын азық-түліктік емес дүкендер, автобөлшектер, құрылыс материалдарын сататын, тұрмыстық химия, тұрмыстық техника сататын сауда орындары бар. Сонымен қатар күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып ұзақ және тығыз қатынасты болдырмайтын нысандар, құрылыс дүкендері, саяжай құралдарын тарататын дүкендер, оптика (дүкендер), фотосалондар, гүл сататын дүкендер, зоодүкендер, техникалық қызмет көрсету станциялары, автожуу, шиномонтаж, автосалондар, алдын ала жазылу бойынша медициналық бетперде киген келушілерге қызмет көрсететін сұлулық салондары, шаштараздар, бизнес орталықтары (сақтандыру компаниялары, адвокаттың, нотариустың, бухгалтердің және консалтингтің қызметтері, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктер, жарнама агенттіктері, сот орындаушылары және т.б) да жұмысына кіріседі - делінген қаулыда.
30 адамға дейін қатысатын жеке және топтық дайындық жасайтын мәдениет нысандары да іске кіріседі.
Типографиялық қызметтер, тігін ательелері, аяқ киім жөндеу, химиялық тазалау, кір жуу және сол сияқты тұрмыстық және электрондық техниканы жөндеу қызметтері кешкі сағат 17:00-ге дейін ашық болады.
Әуежайлар, халыққа қызмет көрсету орындары да жұмысын бастайды.
Сол сияқты сағат 10.00-ден бастап 15.00-ге дейін банктік емес ақша айырбастау пункттері де есігін қайта ашады.
Қоғамдық көлік сағат 07.00-ден 19.00-ге дейін жүреді, бұл ретте қоғамдық көліктің толымдылығы отыратын орындардың санынан артық болмауы тиіс.
Қаулы бүгін күшіне енеді. Барлық санитарлық-дезинфекциялық шараларды қатаң сақтау талабы сақталады.