Алматы облыстық сот ғимаратына карантиндік шаралар енгізілді
Алматы, BAQ.KZ. Облыстық сот қызметкерлерінің 80%-ы қашықтан жұмыс жасауға көшіріліп, ғимаратқа карантин шаралары енгізілді. Бұл туралы Алматы облысы соттар Әкімшісінің басшысы М.Бурашевтың мәлімдемесінде айтылған.
Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «Облыс аумағында карантинді шараларды күшейту және шектеу шаралары туралы» 2021 жылдың 8 қаңтардағы Қаулысы мен Талдықорған қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «Алматы облыстық сотының ғимаратында карантиндік шараларды енгізу туралы» 2021 жылдың 18 қаңтардағы Қаулысы негізінде бірқатар шектеулер енгізілген.
«COVID-19» короновирустық инфекциясының таралуы бойынша жағдайдың өзгеруіне байланысты 2021 жылдың қаңтар айының 18- і мен 31-і аралығында Алматы облыстық сотының ғимаратында карантиндік шаралар енгізіледі. Облыстық сот қызметкерлерінің 80%-ы қашықтан жұмыс жасауға көшіріледі және сот ғимаратына азаматтардың кіруіне рұқсат етілмейді. Дегенмен, сот істері онлайн режимде қаралуы жалғасады. Істі қарау мерзімдері бар, сот істері мейлінше кейінгі уақытқа шегеріледі. Сот отырыстарының тағайындалған күні мен уақыты туралы істерге қатысы бар тараптарға қосымша ақпарат жолданады,-делінген хабарламада.
Сондай-ақ, қысқа мерзімде қаралуы тиіс іс матермалдары, яғни Қылмыстық-процессуалдық кодексінің (әрі қарай- ҚПК) 107- бабы негізінде қаралатын материалдар уақытылы қаралатыны айтылған. Ғимаратта белсенді дезинфекциялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
Шектеу шараларының мерзімі мен режимі «COVID-19» короновирустық инфекциясының таралуы бойынша жағдайдың өзгеруіне сәйкес өзгертілуі мүмкін.
Облыстық сот осы жағдайға қатысты тұрғындардан түсінік танытып, сот ғимаратына уақытша келмеуге шақырады.