Almaty Mount Fest 2023: Фестивалға 2 мыңға жуық адам қатысты
Алматыда Халықаралық Almaty Mount Fest тау спорт фестивалі өтті. Іс-шарада өткен жылғыдай жарыстың 4 түрі қамтылып, оған 2 мыңнан астам кәсіпқой спортшы мен белсенді демалысты ұнататын әуесқойлар қатысты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Фестивалді Дүниежүзілік туризм күніне орай Алматы қаласының Туризм басқармасымен ұйымдастырды. Қатысушылар туриада, downhill, skyrunning мен альпиниада жарыстары бойынша өздерін сынап көрді.
Almaty Mount Fest тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық дәрежеде өте беделді фестивальге айналып келеді. Бұған дәлел ретінде биыл 1800-ден астам қатысушы тіркелгенін айта аламыз. Қатысушылар қатарында тек отандастарымыз ғана емес, Қытай, Түркия, Франция, Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтары да бар. Жалпы, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында шетелдік туристердің ағыны 73%-ға өсіп, 261 мың адамды құрады. Елімізге бет бұрған әрбір саяхатшының екіншісі Алматы қаласына келеді. Туризм басқармасының болжамы бойынша, Алматыға келетін шетелдік туристердің саны жыл соңына дейін 500 мыңға жетеді, – деді Алматы қаласының Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.
Фестивальге арнайы Андоррадан келген Вероника Каналс Almaty Mount Fest-тің еуропалық фестивальдерден айырмашылығын атап өтті.
Туризмді дамыту қай елге болмасын өте маңызды. Әсіресе, пандемиядан соң мұндай фестивальдердің өтуі туризм саласына оң әсер етеді. Қазақстан креативті туризм мен тұрақты туризм бағытында жақсы жұмыс істеп жатыр. Андоррада да осыған ұқсас фестиваль ұйымдастырылады. Бірақ бізде спорттық жарыстар өтпейді. Бұл жағынан сіздер көбірек креативтісіздер, – деді Андорра Туризм министрлігінің кеңесшісі Вероника Каналс.