Алматы метросында “Оңай” істемей, жолаушылар метроға кіре алмады
3 қарашада Алматы метросында электронды төлем жүйелері, соның ішінде “Оңай” істемей, жолаушылар есік алдында тұрып қалды. Метрополитен себебін түсіндірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Желіде жолаушылардың метроға кіре алмай тұрғаны жайлы жазба жарияланды. Олар электронды төлем жүйелерінің бәрі істемегендіктен, адамдар кассадан жетон сатып алуға мәжбүр болған.
Метродағы бүгінгі жағдай: ONAI да, банк картасы да істемейді. Кассадан жетон сатып алу керек, – деп жазды желідегі бір белсенді.
Басқа да жолаушылар өткен аптаның соңынан бері метроға кіру қиындағанын, соған байланысты жолдан қалғанын жазып жатыр.
Әлем елдерінде адамдар көп қатынайтын уақытта есікті ашып қоя салады. Ал бізде зейнеткерлер мен студенттердің бір мәрте тегін жүргенін көре алмайды, – деді тағы бір белсенді.
Алматы метрополитені мұндай қолайсыздықты “Оңайды” QR-кодпен төлеу жүйесін сынақ түрінде езгізіп жатқанымен түсіндірген.
Сынақ барысында QR-кодтарды оқу ісі баяулағаны анықталып, адам көп жүретін уақытта кептеліс болды. Соған байланысты QR-кодпен төлеу уақытша өшірілді, – деп хабарлады метро өкілдері.