28 Қазан 2026, 12:26 Фото: архивтік сурет

Алматы метросынан Беларусьтегі алма ағашына дейін: Бауыржан Момышұлының есімі қай елдерде ұлықталады?

Бауыржар Момышұлының туған жеріндегі музейде 900-ге жуық жәдігер сақтаулы

Алматыда оның есімімен аталатын метро бекеті бар. Ресейде батыр атындағы мектеп жұмыс істейді. Беларусьтегі бір мектептің ауласында оның құрметіне алма ағашы отырғызылған. Ал туған жеріндегі музейде 900-ге жуық жәдігер сақтаулы. Екінші дүниежүзілік соғыста Мәскеуді қорғаған Бауыржан Момышұлының есімі арада 80 жылдан астам уақыт өтсе де, Қазақстаннан тыс жерлерде ұмытылған жоқ. BAQ.KZ тілшісі деректерге сүйеніп, даңқты қолбасшының есімі Қазақстан мен ТМД елдерінде қалай ұлықталып жатқанына шолу жасады. 

Батырдың ерлігіне берілген тарихи баға

Бауыржан Момышұлының есімі көпшілікке Мәскеу түбіндегі шайқастар арқылы белгілі. 1941 жылдың күзінде ол генерал Иван Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының құрамында соғысқа қатысты. Волоколамск бағытындағы ауыр ұрыстарда батальон басқарып, кейін полк пен дивизияны басқаруға дейін көтерілді. Әскери басшылар оның ерлігін жоғары бағалағанымен, Кеңес Одағының Батыры атағы көзі тірісінде берілмеді. Бұл марапатқа ол қайтыс болғаннан кейін, 1990 жылғы 11 желтоқсанда ие болды. Араға тағы 35 жыл салып, 2025 жылғы 25 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойды.

Ал 2026 жылғы 6 қаңтарда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин батырдың келіні Зейнеп Ахметова мен немересі Ержан Момышұлына Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін табыстады. Бірақ Бауыржан Момышұлының халық жадындағы орны мемлекеттік марапаттармен ғана өлшенбейді. Оның есімі көшелерге, мектептерге, ескерткіштерге беріліп, шығармалары жаңа оқырмандарға жол тауып келеді.

Қазақстан: батырдың есімін күнделікті өмірден кездестіруге болады

Алматыдағы Абай даңғылының бойымен жүретін метроға мінген жолаушыларға «Бауыржан Момышұлы» атауы жақсы таныс. 2022 жылғы 30 мамырда ашылған бекет қаланың батыс бөлігін орталықпен байланыстырады. Сөйтіп, батырдың есімі мегаполистің күнделікті тіршілігіне енді. Ал 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағына келгендер оның еңселі ескерткішін көре алады. Қоладан жасалған мүсін 2010 жылы, батырдың туғанына 100 жыл толуына орай орнатылған.

Астанада да Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш бар. Мұнда Жеңіс күні мен батырдың туған күніне орай әскери қызметшілер, ардагерлер және жастар гүл шоқтарын қойып, еске алу шараларына қатысады. Дегенмен Бауыржан Момышұлының өмірімен жақынырақ танысқысы келетін адам үшін оның туған өлкесі — Жамбыл облысының орны бөлек. Жуалы ауданындағы Көлбастау ауылынан үш шақырым жерде орналасқан мемориалдық музейдің тарихы да ерекше. Оны салуға 1995 жылы ауыл тұрғындарының өздері бастамашы болған. Алғашқы қаржыны да жергілікті жұрт жинаған. Кейін бұл іске еліміздің басқа өңірлеріндегі азаматтар қосылған.

2026 жылғы 30 қыркүйекте «Хабар» агенттігі музейде 900-ге жуық жәдігер сақталғанын хабарлады. Олардың қатарында Бауыржан Момышұлының жеке заттары, киімдері, кітаптары, құжаттары мен тұрмыста қолданған бұйымдары бар. Тіпті батырдың жұмыс кабинетінде тұрған кресло мен келіні Зейнеп Ахметова пайдаланған кір жуғыш машина да сақталған. Бұл заттардың әрқайсысы қолбасшының соғыстан кейінгі қарапайым өмірін, отбасы мен шығармашылық ортасын танытады. 2025 жылы Тараз қаласында да Бауыржан Момышұлына арналған жаңа музей ашылды. Ол облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залының екінші қабатында орналасқан. Мұнда батырдың әскери киімдері, қолжазбалары, сирек фотосуреттері мен тарихи құжаттары қойылған.

Оның есімі әскери білім беру саласында да кеңінен қолданылып келеді. Алматыда Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжі жұмыс істейді. Ал 2026 жылғы 24 ақпанда Жамбыл облысы әкімдігінің қаулысымен Тараздағы мамандандырылған әскери мектеп-интернатқа батырдың есімі ресми түрде берілді. Бұл оқу орнында балалар әскери дайындықпен қатар робототехника, дрон басқару және жасанды интеллект негіздерін меңгереді.

Ресей: Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте не сақталған?

Қазақстаннан тыс жерлердегі маңызды естелік орындарының бірі — Ресейдің Мәскеу облысындағы Волоколамск қаласы. Мұның тарихи себебі бар. 1941 жылы Бауыржан Момышұлы басқарған батальон дәл осы бағытта неміс әскерінің шабуылына қарсы тұрған. Қоршауда қалған бөлімшені ұрысқа қабілетті күйде алып шығуы оның қолбасшылық шеберлігін танытқан оқиғалардың бірі саналады. Бүгінде Волоколамскінің Октябрь алаңында Бауыржан Момышұлының қола бюсті тұр. Осы жерде генерал Иван Панфилов пен қырғыз жауынгері Дүйшенқұл Шопоковтың да ескерткіштері орналасқан.

Ал Мәскеудің Зеленоград ауданындағы №1912 мектеп батырдың есімімен аталады. Бұл атау оқу орнына 2010 жылы Қазақстан елшілігінің бастамасымен берілген. Мектеп ауласында оның бюсті орнатылып, ішінен арнайы музей ашылған. Аталған оқу орнында Бауыржан Момышұлы мен Панфилов дивизиясына қатысты тарихи материалдар, кітаптар мен фотосуреттер жинақталған.

Батыр мұрасын сақтау жұмысы биыл да жалғасты.

2026 жылғы 23 сәуірде Қазақстанның Ресейдегі елшілігі осы мектепке Бауыржан Момышұлының архивтік фотосуретін және Қазақстан тарихы мен әдебиетіне арналған кітаптарды тапсырды. Мектеп директоры Андрей Курсаков музейді цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Жоспар бойынша тарихи жәдігерлер мен фотосуреттер электронды форматқа көшіріліп, көпшілікке онлайн қолжетімді болуы тиіс. 2026 жылғы 27 тамызда Ресейде Жамбыл Жабаев пен Бауыржан Момышұлына арналған әдеби-танымдық шаралар өтті. Оқушылар батырға арнап өлең оқып, музейге кітаптар табысталды. Осылайша, Ресейдегі ескерткіштер мен мектеп музейі Бауыржан Момышұлының өмірін тек өткен соғыстың тарихы ретінде емес, бүгінгі оқушыларға таныстырылатын мұра ретінде сақтап келеді.

Беларусь: батырдың құрметіне алма ағашы отырғызылған

Беларусьтегі естелік орындарының бірі кәдімгі мектеп ауласында орналасқан. Брест облысының Березов ауданындағы Первомайская ауылында халықаралық еске алу бағы бар. Мұнда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің құрметіне алма ағаштары отырғызылған. 2025 жылғы 24 сәуірде баққа тағы 54 атаулы алма ағашы қосылды. Соның бірі Бауыржан Момышұлына арналды. Қазақстанның Брест қаласындағы бас консулы Мақсат Ибраев батырмен қатар Рақымжан Қошқарбаев пен Брест қамалын қорғауға қатысқан Матқали Дәуренбаевтың құрметіне де ағаш отырғызды.

Жобаның ерекшелігі — ағаштарды жергілікті мектеп оқушылары күтіп-баптайды.

Беларусьтегі бұл бастама батырларды еске алудың өзгеше тәсілін көрсетеді. Мұнда тарихи тұлғалардың есімі тас тұғырға ғана жазылмай, балалар күн сайын күтім жасайтын бақта сақталады. Жоба ұйымдастырушыларының мәліметінше, бақта отырғызылған алма ағаштары «Слава победителям» сұрпына жатады.

Өзбекстан: батырдың шығармасын өзбек оқырманына таныстыру

Бауыржан Момышұлы әскери қолбасшы ғана емес, соғыс туралы құнды еңбектер қалдырған жазушы ретінде де белгілі. Оның әдеби мұрасын таныстыру бағытындағы жұмыстар көрші Өзбекстанда да жүргізіліп жатыр. 2025 жылғы 14 мамырда Өзбекстан Жазушылар одағы жанындағы Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы Тұрсынәлі Ахметов батырдың «Қолбасшының күнделігі» еңбегін өзбек тіліне аудару және басып шығару жұмыстары қолға алынғанын хабарлады.

Оның айтуынша, бұл еңбек арқылы жергілікті оқырман қазақ қолбасшысының соғыс туралы ойларымен және әскери тәжірибесімен танысады.

Қырғызстан: ортақ майдан тарихы

Бауыржан Момышұлының әскери жолы Қырғызстан тарихымен де байланысты. Ол қызмет еткен 316-атқыштар дивизиясы 1941 жылы Қазақстан мен Қырғызстан азаматтарынан жасақталған. Генерал Панфилов бастаған жауынгерлердің қатарында қазақтармен бірге қырғыз сарбаздары да Мәскеуді қорғауға қатысты. Бұл ортақ тарих Ресейдің Волоколамск қаласындағы ескерткіштерден де көрінеді. Мұнда Бауыржан Момышұлы, Иван Панфилов және Дүйшенқұл Шопоковтың бюсттері бір мемориалдық кеңістікте орналасқан. Қазақстан мен Қырғызстан дипломаттары осы жерде өткен еске алу шараларына қатысып келеді. Сондықтан екі елді байланыстыратын негізгі бағыт — Панфилов дивизиясының ортақ әскери тарихы.

Батырдың есімін сақтау тек ескерткіш орнатумен шектелмейді

Бауыржан Момышұлының мұрасы әскери тарихтан әлдеқайда кең. Оның «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас», «Соғыс психологиясы» еңбектерінде жауынгердің жауапкершілігі, тәртіп, ерік-жігер және адамгершілік мәселелері қозғалады. Ал орыс жазушысы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» шығармасы Бауыржан Момышұлының әскери тұлғасын кең оқырманға танытқан еңбектердің біріне айналды.

Қазір Қазақстанда батырдың жеке заттары музейлерде сақталса, Ресейде мектеп оқушылары оның өмірбаянын зерттеп жүр. Беларусьтегі балалар оның құрметіне отырғызылған алма ағашын күтіп-баптайды. Өзбекстанда шығармаларын өзге тілде таныстыруға қызығушылық бар.

Әр елдегі жұмыстың ауқымы мен сипаты әртүрлі. Бір жерде батырдың есімі көшеге немесе мектепке берілсе, басқа жерде ескерткіш тұрғызылған, ғылыми зерттеу не әдеби аударма қолға алынған.

Бір анығы, Бауыржан Момышұлының тарихтағы орны Қазақстан шекарасымен шектелмейді. Оның әскери жолы бірнеше халықтың ортақ тарихымен байланысты болса, әдеби еңбектері келесі ұрпаққа жететін мұра болып отыр.