Бүгiн 2026, 12:26 Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Алматы метросы вагондардағы жағымсыз иіске қатысты түсініктеме берді

Әлеуметтік желіде Алматы метросының вагондары адам төзгісіз сасып кеткені туралы жазба тараған болатын.

Әлеуметтік желілерде Алматы метросының вагондарындағы жағымсыз иіс пен тазалыққа қатысты пікірлер тарағаннан кейін метрополитен әкімшілігі жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айта кетейік, Threads желісінде алматылықтар метро вагондары лас әрі жағымсыз иіс шығатынын жазған болатын. 

Вагон адам төзгісіз сасық. Бүкіл пойызға біреу дәрет сындырғандай. Орындықтар лас, тіпті қасына барып тұрудың өзі жағымсыз. Осы мәселе бойынша шара қолдануы үшін қайда жүгінуге болады?, - деп жазды алматылық тұрғын. 

Қала тұрғындары жазба авторын қолдап, метро вагондарында расымен жағымсыз иіс барын жарыса жазған. 

Біз бұл жағдайға байланысты метрополитенге ресми сауал жолдадық.

Кейде вагондарда жағымсыз иістің пайда болуы ауа райының ыстық болуына, жолаушылар легінің шамадан тыс көбеюіне және жекелеген жағдайларда қоғамдық орындардағы гигиена мен тәртіп талаптарының сақталмауына байланысты болуы мүмкін. Бізге келіп түскен әрбір шағым жеке қаралып, жедел тексеріледі және анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылданады, – деп мәлімдеді метрополитен өкілдері.

Ведомствоның хабарлауынша, метро вагондары қатаң бекітілген кесте бойынша тазаланып, күнделікті техникалық күтімнен өтетін көрінеді. Әр ауысым аяқталғаннан кейін техникалық қызмет көрсету аясында жылжымалы құрамның негізгі жүйелері тексеріледі.

Сондай-ақ метрополитен бүгінде вагондардың техникалық жағдайы тұрақты бақылауда екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта техникалық ақаулардан туындайтын жағымсыз иістер анықталған жоқ. Желдету жүйесіне жауапты мамандар тұрақты түрде тексеру жүргізеді. Барлық желдету жабдықтары штаттық режимде жұмыс істеп тұр, – делінген жауапта.

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Метрополитен мәліметінше, биыл жолаушылар саны көп болғанына қарамастан, вагондардың санитарлық жағдайына қатысты жаппай шағым тіркелмеген. Түскен санаулы өтініштердің барлығына заңнамада белгіленген мерзімде ресми жауап берілген.

Сонымен қатар жаз мезгілінде санитарлық жағдайды жақсарту мақсатында күнделікті тазалаумен қатар вагондарды маусымдық терең тазалау жұмыстары басталған.

Жылжымалы құрамдарды терең тазалау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар күнделікті күтімнен бөлек жүзеге асырылады, – деп хабарлады мекеме.

Бұдан бөлек, Алматы метрополитені клинингтік компаниямен келісімшарт жасасқанын мәлімдеді. Мекеме алдағы уақытта заманауи тазалау құралдарын сатып алып, барлық вагондарға кезең-кезеңімен толық терең тазалау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.

Вагондардың тазалығы алдағы уақытта да басшылықтың тұрақты және қатаң бақылауында болады. Негізгі мақсат – жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деп түйіндеді Алматы метрополитені.

Еске салсақ, Алматы метросында қызға тиіскен ер адам 5 тәулікке қамалды.