Алматы метрополитені 8 пойызбен толықты
Алматы, BAQ.KZ. Алматы метрополитенінің 10 жылдығы қарсаңында 8 жаңа электр пойызы пайдалануға берілді. Енді метрополитенде 15 пойыз тұрғындарға қызмет көрсетеді. Бұл туралы аталған мекеменің баспасөз қызметі хабарлады.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Тұңғыш Президент күні қарсаңында және Алматы метрополитенінің 10 жылдығында Алматы метрополитені үшін арнайы әзірленген Hyundai Rotem Оңтүстік Корея компаниясы шығарған 8 жаңа электр жылжымалы құрам пайдалануға беріледі.
Құрамның ұзындығы - 77,8 м, ең үлкен техникалық жылдамдығы - 90км/сағ. Температура режимі: -35, +40с. 4 вагон құрамындағы жолаушылардың сыйымдылығы 940 адамды құрайды. Әрбір вагон жылыту, желдету және ауа баптау жүйесімен, жолаушылар салонының флуоресцентті жарықтандыруымен жабдықталған, - делінген хабарламада.
Вагондар сонымен қатар ішкі және сыртқы бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Машинистің кабинадан вагондардың ішіндегі және сыртындағы жағдайды бейнебақылау жүйесі мониторының көмегімен бақылау мүмкіндігі бар.
Барлық вагон жолаушыларға бір вагоннан екіншісіне қауіпсіз және ыңғайлы өтуді қамтамасыз ететін ашық типтегі (аралық есіктерсіз) кең вагонаралық өту жолдары арқылы біріктірілген.
Электр пойыздары жолаушылар үшін де, қызмет көрсетуші персонал үшін де жоғары қауіпсіздік пен жайлы жағдайды, сондай-ақ энергия тұтынудың төмендетілген деңгейін қамтамасыз етеді. Вагондар үлкен қайта жабдықтаусыз, нығайтусыз және жөндеусіз қалыпты пайдаланудың 30 жылы ішінде қызмет ету үшін жобаланған және құрастырылған, - делінген хабарламада.
Осыдан он жыл бұрын, 2011 жылғы 1 желтоқсанда Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстандағы алғашқы және жалғыз метрополитенді ашып, алғашқы жолаушы болды. Содан бері метро жұмысы бір минутқа да тоқтаған жоқ.
10 жыл бойы метрополитен тұрақты жұмыс істейді, өзіне жүктелген міндеттерді орындайды.