Алматы мен Талғар арасына электричка жүргізуді қолға алып жатырмыз - Сағынтаев

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев халыққа есеп беру кездесуінде Алматының экологиясын жақсарту бойынша қандай шаралар қолға алынып жатқанын айтты. 

Қала әкімі Алматы экологиясын жақсарту тек әкімдікті ғана емес, бүкіл тұрғындарды да алаңдатып отырғанын жеткізді.

Бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылып жатыр, оны Үкімет, Президент және Елбасы да қолдап отыр. Жақында қаладағы ТЭЦ-2 жылыту қазандығын газға ауыстыру келісімі жасалды. Осы жылы «Самұрық-Энергия» қажетті барлық құжаттарды әзірлейді. Келесі жылы жылту тоқтаған әр алты ай сайын екі қазандықтан газға ауыстырып отырамыз. 2025 жылдың соңына дейін ТЭЦ-2-і толықтай газға ауысады. Ал экологияның тазарғанын 2022 жылдан бастап сезіне бастаймыз. Қаржыландыру мен газ жеткізу көлемі Үкіметпен келісілді. Энергетика министрлігі «Самұрық-Энергия» мекемесімен бірге бұл мәселемен айналысуда, - деді Сағынтаев. 

Сонымен қатар ол қаладағы көлік санының тым көп болуы да ауа сапасына кері әсер етіп отырғанын жеткізді. Бұған дейін Алматыны негізінен көлік пе әлде жылыту қазандықтары ластай ма деген мәселе бойынша дау жүріп келген. Сарапшылар көлік құралдарынан шығатын түтін ауаның 60 пайызын ластайды, 30 пайызын ТЭЦ-2, қалғаны түрлі өндіріс орындары мен жеке үйлердің үлесі деп айтып келген. Қатаң карантин кезінде көліктің барлығы тоқтады, алайда қала көгіндегі зиянды түтін кетпеді. Сондықтан ТЭЦ-2-ні газға ауыстыру мәселесі қаралған. 

Қалада 500 мыңнан астам көлік тіркелген, оның үстіне күніне 250 мыңдай көлік қалаға сырттан кіреді. Ұзын-сонар кептелісте тұрған көліктен шығатын зиянды қалдықтар да қала ауасына әсер етіп отыр. Қазір қалада салынып жатқан айналма жолдардың барлығы осы экологияны тазартуға бағытталған. Қаскелен, Талғар, Қапшағай жақтан қалаға кіретін жолдарды кеңейтуді қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ электричка жүргізу мәселесін қолға алынуда. Мәселен, Мәскеуде жақын маңдағы елдімекендерге жүретін электричкалар бар. Сол сияқты біз де Талғардан «Халық Аренаға» дейін  қатынайтын электричканы іске қосуды қарастырып жатырмыз. Осындай жобамен жеке инвестор шығып отыр.  Дәл осындай мәселені Қаскелен жақтан жүргізуді де қарастырудамыз, - деді әкім. 

Сондай-ақ ол қала ауасын жақсарту бойынша  2019 жылы «Жасыл Алматы» бағдарламасы қолға алынғанын жеткізді. Оның аясында 3 жылда 1 миллион ағаш отырғызу көзделген екен. Өткен жылы 350 мыңдай жас ағаш отырғызылыпты, оның басым көпшілігі ағашы аз Алатау ауданына егілген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы