Алматы мен Волоколамск қаласының оқушылары бірге ән шырқады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында алматылық оқушылар ресейлік замандастарымен бірлесіп музыкалық клип жазды. Айтулы мерекемен құттықтаудың бұл форматы елдердегі коронавирустық инфекцияның таралып отырған сын сағатында таңдалған оңтайлы қадам болып отыр.
Сонымен, Алматы қаласындағы М.Мәметова атындағы №28 мектептің И.В.Панфилов атындағы №54 Қазақ – Ресей мамандандырылған мектеп-лицейінің және Б.Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейдің оқушылары мен олардың Волоколамск қаласындағы (Ресей) құрбылары тілек, ниет біріктіріп, М.Бернестің "Журавли" әніне клип жазды. Музыкалық жобада қазақстандық және ресейлік кинофильмдерден соғыс туралы кадрлар пайдаланылған.
Жас орындаушылар арасында әр түрлі халықаралық байқаулардың лауреаттары мен жүлдегерлері бар. Бұл ән кездейсоқ таңдалмаған. Танымал композиция көрермендердің жан дүниесін елжіретіп, майдан даласындағы сұрапыл шайқастарды көз алдарына әкеледі. Көк аспан төріндегі алысқа ұшып бара жатқан тырналар соғыстан қайтпай қалған сарбаздарды бейнелейді.
Сонымен қатар, М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейінің 1-11 сынып оқушылары ата-аналарымен бірге "Ұлы дала батырлары" акциясына үн қосты.
Олар Ұлы Отан соғысына қатысқан өздерінің аталары туралы әңгімелейтін бейнероликтер сериясын жасап, барлық ардагерді Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады.
Осы орайда айта кетейік, коронавирус пандемиясы кезінде көптеген оқушылар үйде қарап отырмай, Ұлы Жеңістің мерейтойына арналған осындай байқауларға, челлендждерге, акцияларға қашықтан белсенді түрде атсалысуда.