Алматы мен Нұр-Сұлтанда құжаттарды үйге жеткізу қызметі іске қосылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Азаматтарға арналған үкімет» клиенттің үйіне дейін дайын құжаттарды жеткізу қызметін іске қосты.
Оған 144 Мемлекеттік қызмет қосылды, оның ішінде жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу, жер учаскелерінің актілері, білім туралы құжаттарды апостильдеу, Мұрағат анықтамалары, әскери билеттердің телнұсқаларын беру және басқалар бар. Жақын арада жүргізуші куәлігін, жеке куәліктерді, паспорттарды және басқа да құжаттарды үйге дейін тапсырыспен жеткізу қызметтері қолжетімді болады.
Құжаттар дайын болғаннан кейін клиенттің қажетті мекенжайына құжаттарды жеткізуді рәсімдеуді ұсынатын веб-сілтемесі бар SMS-хабарлама жолданады. Қызмет ақылы, қала бойынша жеткізу құны – 970 теңге.
Біз қазақстандықтар үшін мемлекеттік қызметтерді алу кезінде барынша қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Құжаттарды үйге жеткізу сервисін өткен жылы сынай бастадық және біртіндеп оны жетілдіріп келеміз. Бұл біздің клиенттеріміздің мемлекеттік қызметтерді алу барысын жеңілдетіп, олардың қаржысы мен уақытын айтарлықтай үнемдейді. Бүгінде сервис алматылықтар мен елорда тұрғындары үшін қолжетімді, жақын арада сервисті өзге қала тұрғындары да пайдалана алатын болады, – деді «Азаматтарға арналған үкіметтің» басқарма төрағасы Әділ Қожықов.
Құжаттарды жеткізу бойынша пилоттық жоба бір ай бұрын астаналық ХҚКО-лардың бірінде іске қосылды, онда серіктес курьерлік қызмет арқылы 50-ден астам құжат жеткізілді. 2020 жылдың қазан айында еgov.kz электрондық үкімет порталында осыған ұқсас қызмет пайда болды – ол кезде автокөліктердің мемлекеттік нөмірлері мен дайын техпаспорттарын үйге жеткізу сервисі іске қосылды.