23 Қазан 2026, 02:34 Фото: Depositphotos.com

Алматы мен Астанадан Фукуок аралына тікелей әуе рейстері ашылады

Фукуок – Вьетнамның Сиам шығанағында орналасқан ең үлкен аралы.

26 қазанда Алматыдан және 27 желтоқсанда Астанадан Вьетнамның Фукуок аралына Sun PhuQuoc Airways әуе компаниясының тікелей әуе рейсі ашылады. Бұл туралы әуе компаниясының Қазақстандағы бас агенті – Fun&Sun Kazakhstan туроператоры хабарлады.

Алматы – Фукуок бағыты бойынша жолаушылар сыйымдылығы 183 орындық Airbus A321 ұшағымен тасымалданады. Ұшу ұзақтығы шамамен 7 сағат 30 минутты құрайды. Рейстер аптасына бес ретке дейін орындалады.

Ал Астана – Фукуок бағыты бойынша 247 жолаушыға арналған кең фюзеляжды Airbus A330-200 ұшағы пайдаланылады. Ұшу уақыты шамамен 7 сағат 45 минут болады. Бұл бағыттағы рейстер аптасына төрт рет орындалады деп жоспарланған. 20 орын Business Class, 21 орын Premium Economy және 206 орын Economy Class санатына тиесілі. 

Қазақстаннан орындалатын рейстерде жолаушыларға бірнеше рет тамақ ұсынылады. Жолжүк нормасы – 23 келі, қол жүгі – 7 келі.

Айта кетейік, Фукуок – Сиам шығанағында орналасқан Вьетнамның ең үлкен аралы. Ол тропикалық климатымен, құмды жағажайларымен және туристік инфрақұрылымымен танымал. Аралда халықаралық қонақүй желілері, жағажай курорттары, тақырыптық саябақтар мен ірі ойын-сауық кешендері орналасқан.