Алматы мен Астанадан бірнеше елге жаңа халықаралық рейстер ашылады
Алматы мен Астанадан Түркия мен Кипрге жаңа тікелей рейстер іске қосылады.
Қазақстан халықаралық әуе қатынасын кеңейтіп жатыр. Жақын күндері Алматы мен Астанадан Түркия мен Кипрге жаңа тікелей рейстер іске қосылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы брифинг барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді.
Измир – Алматы рейстері
Оның айтуынша, SunExpress әуе компаниясы Измир – Алматы – Измир бағыты бойынша тікелей рейстерді іске қосады.
Рейстер биылғы жылдың қазан айының соңына дейін аптасына екі рет орындалады, – деді Ерлан Жетібаев.
Кипрге тікелей рейстер ашылады
Сонымен қатар 2 маусымнан бастап Air Astana әуе компаниясы Астана – Ларнака бағыты бойынша тікелей рейстерді орындай бастайды. Ұшақтар аптасына екі рет қатынайды.
Сондай-ақ 4 маусымнан бастап Алматы – Ларнака бағыты бойынша тікелей рейстер ашылады. Рейстер аптасына екі рет орындалады.
Жаңа рейстер не береді?
СІМ мәліметінше, жаңа әуе бағыттарының ашылуы елдер арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, жаңа рейстердің іске қосылуы қосымша көлік мүмкіндіктерін арттырып, іскерлік ынтымақтастықтың дамуына серпін береді.