Алматы мен Алматы облысында оқушы орындарының тапшылығы қалай шешілмек?

Алматы қаласында демография және ішкі көші-қон есебінен оқушылар саны жыл сайын 12-14 мың балаға артып келеді. Оқушы орындарының тапшылығы 34 524 орын. Ал Алматы облысында 477 білім беру ұйымында 367 325 оқушы білім алып жатыр. Жыл басынан бері 39 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі білім ордаларындағы жаңашылдық пен өзгерістерге шолу жасады.


Мегаполисте “1300 мектеп” реновациясы жүзеге асырылып жатыр


Алматы қаласының әкімдігі мектеп тапшылығы алдағы екі жылда шешілетінін атап өткен еді. Ал 2022 жылы мегаполисте 3 ауысымды мектеп мәселесі түгелдей шешіліп, білім ордалары толықтай бір немесе екі ауысыммен білім алуға көшкен еді. Орын тапшылығы мәселесін шешу үшін Мемлекет басшысы “Жайлы мектеп” Ұлттық жобасын жүзеге асыру және 2030 жылға қарай бір ауысымдық оқытуға көшу жөнінде тапсырмалар берген болатын.

Республика бойынша “Жайлы мектеп” ұлттық жобасын іске асыру басталды. Алматы қаласында 2024-2025 жылдары 34 800 орындық 21 мектеп ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта 23 100 орындық 13 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін бекітілген кестеге сәйкес 7 100 орындық 4 мектеп іске қосылады. Биылғы оқу жылы қалада 600 орындық 1 жайлы мектеп және Саялы шағын ауданында 550 орындық жергілікті бюджет бойынша 1 мектеп ашылды. 2025 жылы тағы 4 мың орындық екі мектеп ашылады. Осылайша, келесі жылдың 1 қыркүйегіне қарай оқушы орындарының тапшылығы басқарылатын деңгейге дейін 3-4 мыңға төмендейді. Алматы қаласында 216 мемлекеттік және 127 жекеменшік мектеп жұмыс жасап жатыр. Әкімдік “1300 мектеп” реновациясы жүзеге асырып жатыр. Алматыда оқушы орындарының тапшылығын кезең-кезеңімен төмендету үшін жаңа білім беру нысандары мен жұмыс істеп тұрған мектептерге қосымша құрылыстар салынып жатыр, жеке инвестициялар есебінен әлі де мектептер ашу жоспарланған, - деді Алматы қаласының Білім басқарма басшысының орынбасары Мұхтар Тажибаев.

Мектептердегі сейсмикалық қауіпсіздікке 250 млрд теңге бөлінеді

Мегаполисте келесі жылы мектептерді сейсмикалық күшейту арқылы жаңарту және жаңғырту жұмыстары жалғасады. 2025-2027 жылдарға арналған тиісті бюджет жобасы алдағы Мәслихат сессиясында қаралады. Үш жылдық бюджет жобасына сәйкес, 216 мектепті, 12 интернат мекемесін, 20 колледжді қамтитын 344 мың оқушының білім алуына жағдай жасау үшін шамамен 250 млрд теңге бөліну жоспарланып отыр.

Мектептерді сейсмикалық күшейту арқылы жаңғырту мен жаңарту – қалалық әкімдіктің басты басымдығының бірі. Жаңа үш жылдық бюджет қабылданғаннан кейін мегаполисте оқу орындарын жоғары сапа стандарттарына сай жаңғырту жұмыстары жалғасады. Мемлекет басшысының сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында 2025 жылы үш мектептің сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталып, №50 мектеп-лицейі мен Әуезов, Бостандық және Медеу аудандарындағы жеті балабақшада күшейту жұмыстары басталады. Бұған қоса, келесі жылы Зерделі және Шұғыла шағын аудандарында екі мектептің құрылысы аяқталып, 12 мектеп жаңартудан өтеді. Алматыда 2023-2024 жылдары 11 мектептің күрделі жөндеуі сейсмикалық күшейту арқылы аяқталды, – деді Алматы қаласы Білім басқарма басшысының орынбасары Мұхтар Тажибаев.

Он жыл бойы салынбаған мектеп

Алматы облысында мектепке бала таситын автобус бүлдіршінді басып кетті. Көлік артқа жүріп келе жатқанда мектеп оқушысы дөңгелектің астында қалған. Оқиға "Асыл Арман" тұрғын үй кешенінің маңында болған. Қайғылы жағдайдан кейін тұрғындар көшеге шығып, әкімдікке бірнеше талап қойды.

Тұрғындардың айтуынша, олар осы кешенге көшіп келген кезден бастап, он жыл бойы мектеп салуға өтініш жасап келген. Бірақ шенеуніктер тек уәде беріп келген. Балалар жақын маңдағы ауылдардағы мектепке баруға мәжбүр болған.

Балалар автобусқа отыруға асығады. Ол 50 оқушыны ғана тасымалдайды. Тұрғын үй кешенінде 20 мың адам тұрады. Он жыл бойы мектеп салуды сұрадық, бірақ еститініміз уәде ғана. Бұл шенеуніктердің жауапсыздығынан болған оқиға. Балалар көрші ауылдағы мектепке барады. Бүгінгі трагедияға кім жауап береді? Билік уәдені орындауы керек. Халықтың талаптарын елемеу – қылмыс!, – деді тұрғындар әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларда.

Қарасай ауданы әкімдігі бірнеше жыл бұрын аймақта 2 мың орындық мектеп салуға уәде берген. Алайда қаржыландыру мәселесі шешілмегеннен кейін жұмыс тоқтаған.

Алматы облысында 39 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді

Биыл облыста 39 мектеп үш ауысымда жұмыс жасады. Еңбекшіқазақ ауданында - 4 мектеп, Жамбыл ауданында - 6 мектеп, Қарасай ауданында - 4 мектеп, Іле ауданында - 17 мектеп, Талғар ауданында - 6 мектеп, Алатау қаласында – 2 мектеп). Облыс бойынша 33 000 оқушы орны тапшылығы бар.

Облыста үш ауысымда оқыту мен оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы № 963 қаулысымен 2023-2024 жылдары “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында 26 нысан салу жоспарланды (5 ауданда 24 900 орынға: Еңбекшіқазақ - 4, Жамбыл - 3, Іле - 4, Қарасай - 8, Талғар - 7). Бірінші кезеңде 2023 жылы 24 900 орындық 26 мектептің құрылысын салу жоспарланды. Бірақ, Түймебаев ауылындағы мектептің құрылысы ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданғаннан кейін 2024 жылы басталды. 26 мектеп құрылысының жер телімі “Самұрық-Қазына” АҚ-ның атына аударылды. Желтоқсан айында “Жайлы мектеп” ұлттық жобасымен Қарасай ауданы Қаскелең қаласында (1500 орындық), Кемертоған ауылында (1500 орындық), Талғар ауданы Жаңалық ауылында (900 орындық), Жамбыл ауданы Ұзынағаш (1500 орындық), Қарғалы (900 орындық) ауылдарында, барлығы 6 300 орындық 5 мектептің құрылыстары аяқталып, берілмек, – деді Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева.

Қарасай ауданыдағы және Алатау қаласындағы 2 мектептің үш ауысымдылық мәселесі шешіліп, үш ауысымдағы мектеп саны 37 азайды. 2024 жылдың қыркүйек айының 1-не аяқталып, қолданысқа берілген 2 мектепке бүгінде 2 116 оқушы қабылданады.

 “Алматы облысы білім басқармасының Қарасай ауданы бойынша білім бөлімі” ММ “Көкөзек ауылындағы жайлы мектеп” КММ 1500 орынға арнап салынды. Жайлы мектепке қазіргі кезде 3 ауысымда 2593 баланы оқытып отырған Көкөзек ауылындағы орта мектебінен 1742 бала жаңа мектепке ауысып, Көкөзек ауылындағы орта мектебінің үш ауысымды мектебі жойылады. Жайлы мектепте барлығы 117 мұғалім (ауысу тәртібімен-68, конкурс арқылы – 49) жұмыс жасайды. Қалған 12 900 орындық 16 мектептің құрылысы 2025 жылға өтпелі екендігін хабарлайды, – деді Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архив
Өзгелердің жаңалығы