Алматы мектептерінде соңғы қоңырау соғылды

Алматыда 14 000 түлек мектеп бітіріп жатыр. Бүгін қала мектептерінде соңғы қоңырау соғылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Кезекті оқу жылының аяқталуына арналған мерекелік шара ашық аспан астында өтті. Оқушыларды құттықтауға мұғалімдер, ата-аналар мен бірінші сынып оқушылары келді.

Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мектеп-гимназиясында өткен шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қатысты. Ол түлектерге арнаған құттықтау сөзінде мектеп бітіру – үлкен өмірдің бастауы екенін атап өтті.

Құрметті оқушылар, мектеп түлектері мен олардың ата-аналары! Бүгін білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған барша мектеп бітіруші түлектерді шын жүректен құттықтаймын! Мектеп бітіру мерекесі - әр адамның өміріндегі ерекше, ұмытылмас күндердің бірі. Себебі тарыдай болып кіріп, таудай болып шықтыңыздар. Алдағы уақытта білім алу жолында аянбай еңбек етіңіздер. Сіздерге мол табыс пен қуаныш тілеймін. Бірыңғай ұлттық тесті ойдағыдай тапсыруларыңа тілектеспін, - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

Еске салайық, алматылық мектеп оқушылары республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында жоғары орындардан көрініп жүр.

Дәл қазіргі таңда Алматыда 313 мектеп, 12 мектеп-интернат, 85 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесі бар. 9-сыныпты 28 мыңнан аса оқушы, 11-сыныпты 14 мыңнан аса оқушы бітірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Елде қанша бала бар
Өзгелердің жаңалығы