Алматы маңында жаңа қала пайда болады
Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев "G4 city" жобасына кіретін Заречный ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиынға Қонаев қаласының құрамындағы Заречный мен Арна ауылының халқы қатысты.
Шаһар басшысы жобаның артықшылықтарын айтып, ауылдың қандай өзгерістерге ұшырайтыны жайлы сөз етті.
«Тұрмыс-тіршілікте ешқандай қолайсыз жағдайлар орын алмайды - қазіргі әкімшілік және әлеуметтік инфрақұрылым алдағы уақытта да сіздерге қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда Заречный мен Арнаның ауыл статусы бар. Өзгерістерге сәйкес, бұл елді мекендер қала құрамына енеді. "G4 city" жобасы жүзеге асып, Бас жоспарын әзірлеу үшін шекараны белгілеу керек болды», - деді Нұрлан Құматаев.
Ал тұрғындар денсаулық сақтау, автомобиль жолдары секілді салалардағы мәселелерді қаузады. Оларға Алматы облысындағы басқарма мамандары жауап берді. Мысалы, Арна ауылының халқы дәрігерлік амбулатория жұмысы туралы айтты. Олардың сөзіне сүйенсек, Арнада 1000-нан астам тұрғын бар, ал штат бойынша халыққа 1 ғана фельдшер қызмет көрсетеді. Сондықтан олар медициналық көмек алу үшін Қонаев қаласына баруы қажет. Қаладағы көпсалалы ауруханасының директоры Айман Ракишева арнайы кесте дайындалып, амбулаторияда терапевт, педиатр, акушерлер кезекпен халықты қабылдайтынын атап өтті.
Сондай-ақ бүгінде ауыл халқы үшін өзекті мәселе - Алматы-Қонаев күре жолындағы жаяу жүргіншілер жолының ыңғайсыз салынуы. Жаяу жүргіншілерге арналған жол елді мекеннен 2 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауыл жұртшылығы әкімнен жолдың арғы бетіне өтетін ыңғайлы нысан салып беруге көмектесуін сұрап, мүмкіндік болса, бағдаршам орнату қажеттілігін тілге тиек етті. Себебі, мұнда жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі.
Бұдан бөлек, тұрғындар автобус қатынасы туралы мәселені көтерді. Өз кезегінде Нұрлан Құматаев мамандарға аталған түйткілдер жазылған Жол картасын әзірлеуді тапсырды.
«Осы айда автобус паркіне жаңа көліктер сатып алынады. Сәйкесінше, қоғамдық көліктердің жүру кестесі мен қызмет сапасы артады. Республикалық маңызы бар жол туралы айтсақ, бүгін жауапты басқарма мамандары келді, жиналысқа қатысып отыр, солармен бірлесе шешім қабылдайтын боламыз», - деді шаһар басшысы.
Айта кетейік, 31 қазан күні қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХІІІ сессиясы өтіп, Қонаев қаласы мен Алматы облысындағы елді мекендердің шекарасын белгілеу туралы мәселе қаралды. Сонымен қатар сессияда Арна, Заречный ауылдарының 9757 гектар жерін "G4 city" жобасының құрамына енгізу жайлы шешім қабылданды.